Қарағандыдағы жарылыс: баспанасыз қалған отбасыға жәрдемақы төленеді

20.02.2024 00:14

Газ баллоны жарылған баспананың иесі жансақтау бөлімінде жатыр

Almaty.tv

Қарағандыдағы газ баллоны жарылыс салдарынан үйсіз қалған екі отбасыға бір реттік жәрдемақы төленеді. Ал әлеуметтік сала қызметкерлері азаматтардың құжатын рәсімдеп бермек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Оқиға кеше түнгі сағат 03:00 шамасында болған. Жеке сектордағы газ баллоны жарылып, шырт ұйқыда жатқан 2 отбасы үйінді астында қалды. Иван Кириков сол сәтті өмірімдегі ең ауыр жағдай деп еске алады. Қатты жарылыстан оянған ол әп-сәтте баспанасының күлге айналып, бала-шағасының қиранды арасында қалғанын көрген. Көз көрім жерде жұбайын да таба алмаған азамат ес жия салып, құлаған қабырға астынан отбасын құтқарып, алып шыққан. Ол «көрші үйдегі жарылыстың күшті болғаны соншалық, үйде сау қалған зат жоқ» дейді.

–  Бізге көмек керек. Жарылыс болған кезде жалаңаш ұйықтап жатқанбыз, әрең дегенде сыртқа шықтық. Сол түні далада -37 градус болды. Құжаттарымыз да кетті. Жиһаздан түк қалмады. Әкімдікке барамын, көмек сұраймын. Әзірге не істерімізді білмей отырмыз. Бастысы, ауруханаға жеткізілген 16 жастағы қызымның жағдайы жақсы, соны естіп, қуанып отырмын, – деді қала тұрғыны Иван Кириков.

Үйі опырылып ортасына түскен азамат биыл баспанасын кеңейтпек болып құрылыс жұмыстарын да жүргізген. «Жаңадан орнатқан шатырымды қарызға жасатып едім», деген ол ендігі күніміз қалай болар екен деп алаңдайды. Ал оқиғаны көзбен көрген көршілер жер үйдегі жарылыстың ауқымды болғанын айтып отыр.

– Сағат 03:30 шамасы болған, әйелім «көршінің үйі жоқ» деп келіп тұр. Қарасам, түк жоқ. Шынында да, оны тірі қалады деп ойлаған жоқпын, – деді қала тұрғыны Ерден Құлбаев.

Газ баллоны жарылған баспананың иесі жансақтау бөлімінде жатыр. Қиранды басып қалған ер адамның жанұшыра көмек сұрағанын көрші-қолаң естіп қалған. Төтеншеліктер оны аман алып шықты. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы «1966 жылы туған азаматтың денесін 40 пайыз күйік шалған» деп ақпар таратты.

– Бір қабатты 2 үйде бес литрлік газ баллоны жарылған. Құтқарушылар тұрғынды үйінді астынан алып шықты, сәл кешіксе, кім біледі, көз жұмуы мүмкін еді, – деді Төтенше жағдайлар департаменті басқармасының аға инженері Мұхаммед Рақымбаев.  

Апат орнында 24 адам, 6 техниканың жұмыс істеді. Ал баспанасыз қалғандар қазір туыстарының үйін паналап жүр. Жергілікті әкімдік оларға бір реттік жәрдемақының төленетінін жеткізді. Сондай-ақ мамандар азаматтардың құжаттарын қалыпқа келтіруге де септеспек. Әзірге көрсетілер басқа көмек туралы ақпарат жоқ.

Мақсат Бейсенаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағандыдан

Оқи отырыңыз: Қарағандыда жылыту қазандығы жарылды