Алматы облысында болған теміржолдағы апаттан тағы бір адам көз жұмды

03.08.2022 22:59

2 тамыз күні Іле аудандық орталық ауруханасына 3 адам түскен.

Кадр из видео

Алматы облысында пойыз бен жеңіл көлік соқтығысуы салдарынан зардап шеккендердің бірі ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2 тамыз күні Іле аудандық орталық ауруханасына 3 адам түскен. 

«Жеңіл көлік пен пойыз соқтығысынан зардап шеккен үш адам ауруханаға жеткізілді. Олардың ішінде 1985 жылы туған науқастың жағдайы өте ауыр болғандықтан, дереу жансақтау бөліміне жатқызылып, жасанды тыныс алу аппаратына қосылды. Өкінішке қарай, науқас 3 тамыз күні таңғы сағат 08:40-қайтыс болды. 1990 жылы туған екінші науқасқа жабық бас сүйек-ми жарақаты, бас миының шайқалуы, кеуде қуысының зақымдануы деген диагноз қойылды. Жағдайы орташа ауырлықта, динамикасы тұрақты. Үшінші науқас жансақтау бөлімінде жатыр, оның жағдайы өте ауыр», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасынан. 

Бұған дейін Іле ауданындағы «Еңбек-Құйған» теміржол өткелінде жүк пойызы мен «Аudi 100» көлігі соқтығысып, жүргізушінің қаза тапқан  болатын.