Маңғыстау облысындағы улану: қылмыстық іс қозғалды

26.02.2024 23:00

Оқиға аудан орталығы Бейнеу ауылында болған

elements.envato.com

Маңғыстау облысының Бейнеу ауданында адамдардың астан улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Өкінішке қарай, денсаулығына зақым келіп, ауруханаға жүгінгендердің саны тағы өскен. Ал инфекция ошағы, яғни, дәмхана уақытша жұмысын тоқтатты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оқиға аудан орталығы Бейнеу ауылында болған. Жағдайдың басы – тұрғындардың 19 ақпанда фастфуд орталығына түрлі тағамға тапсырыс беруінен басталған.

Келесі күні олар өзін жайсыз сезініп, улану белгілерімен жедел-жәрдем шақырыпты. Ал 21 ақпаннан бастап азаматтар жаппай ауруханаға жатқызылған. Қаз-қатар қалыпсыз жағдайда келіп, денсаулығы сыр бергендердің бәріне бірдей «нақтыланбаған ішек инфекция ауруы» диагнозы қойылды. Науқастардың арасында 8 бала мен 2 аяғы ауыр әйел бар.

«37 науқастың 27-сі стационарда жатыр. Олардың қазіргі таңда жетеуінің жалпы жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал 20 адамның жағдайы қалыпты. Екі жүкті әйелдің жағдайы қазір қанағаттанарлық», – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бибізада Дүйсенбаева.

37 азаматтың ауруына түрткі болған мейрамханада тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Жергілікті санитар-эпидемиологтар 10-нан аса тағамнан сынама алып, зертханаға жолдаған.  

«Анализдер алынды. Ішіндегі қызметкерлер тексерілді. Одан бөлек, жоспардан тыс тағы тексеру тағайындап жатырмыз», – деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Бердібек Саралтаев.

Аталғандардан бөлек, Полиция департаменті осы оқиғаға қатысты, жаппай улану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғап үлгерді. Сондай-ақ санитарлық қағидалар мен гигиена талаптарын бұзу дерегімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Жәбірленушілерге де сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жағдайдың мән-жайы әлі де бақылауда болады.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет «Алматы» телеарнасы