Заңсыз балық аулаған браконьерлер қылмыс үстінде ұсталды

20.05.2020 23:03

Мемлекетке келтірілген шығын бір жарым миллион теңгеден асқан

polisia.kz

Алматы облысы Балқаш ауданының тәртіп сақшылары өзге де табиғат қорғау органдарының қызметкерлерімен бірлескен арнайы шара барысында тыйым салынғанына қарамастан табиғи байлыққа қол салған екі браконьерді ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

«18 мамыр күні кешке Қараой ауылының батысындағы Шұбар Құнан өзегінде екі ер адам табиғат қорғау заңнамасының талаптарын өрескел бұзып, балық аулап жатқан жерінде ұсталды. Күдіктілердің Талғар қаласының 46 жастағы және Кеген ауданының 48 жастағы тұрғындары екені анықталды. Браконьерлерден моторлы су қайығы мен 150 килограмға жуық балық тәркіленді», – деп атап өтті Балқаш АПБ басшысының бірінші орынбасары Нұргелді Абиров.

Полиция өкілінің хабарлауынша, мемлекетке келтірілген шығын бір жарым миллион теңгеден асқан. Тәркіленген балық тиісті қабылдау орындарына өткізіліп, одан түскен қаражат мемлекет пайдасына аударылады. Жыл басынан бері Балқаш ауданының тәртіп сақшылары табиғат қорғау заңнамасын бұзудың алты дерегін, оның ішінде үш заңсыз аң аулау және үш заңсыз балық аулау дерегін ашты. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін облыстық полицейлер тұрғындарға балықтардың уылдырық шашу кезінде балық аулауға тыйым салынатыны және 15 сәуірден мамыр айының соңына дейін «Уылдырық шашу»  жедел алдын алу іс-шарасы өткізілетіні туралы хабарлаған болатын.