30 қыркүйекте болған қайғылы жол-көлік оқиғасынан кейін күдікті қашып кеткен болатын
Нұр-Сұлтанда бес адамның өмірін қиған жол апатына қатысты тың дерек айтылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естеріңізге салайық, биыл 30 қыркүйек күні елордада Есіл өзенінен өтетін көпір үстінде жантүршігерлік көлік апатынан 5 адам мерт болған еді. Оқиға орнынан күдікті қашып кеткен. Тергеу барысы қалай жүріп жатқаны туралы Ішкі Істер министрлігі тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтып берді.
«Қазіргі таңда елорданың Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Нақты айтқанда, Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-тармағына сәйкес жол ережесін бұза отырып, 2 немесе одан да көп адам өліміне себеп болу және 347-баптың 1-тармағына сәйкес оқиға орнынан кетіп қалуға қатысты тергеу жүріп жатыр. Апат орнынан қашып кеткен күдікті ұсталды. 19 жастағы елорда тұрғыны бүгінде 2 айға уақытша қамауға алынды», – деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов.