Оның тез сауығып, қатарға оралуын жұбайы мен екі қызы тілеп отыр
Күні кеше Астанадағы алапат өрттен зардап шеккен төтеншеліктің жағдайы өте ауыр. Өзгенің өмірін арашалаймын деп өз басын қатерге тіккен Асқар Забикуллиннің денесін 80 пайыз күйік шалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қызыл жалын үйдің 11-қабатында болған. Асқар пәтерге терезе арқылы кіру үшін 12-қабаттан 11-қабатқа түседі. Сол жерде 80 жастағы әжей мен оның 22 жастағы немересін өрт ортасынан алып шығады. Қою түтіннен шыға алмай, балконда тығылып қалған 10 жастағы баланы да құтқарып үлгерген.
«Өздеріңіз білесіздер, темір есікті ашу өте қиын. Сондықтан біздің өрт сөндірушілер екіге бөлініп есікті ашып жатты, екінші учаскеде өрт сөндірушілеріміз 12-қабаттан арқанмен терезе арқылы түсті. Терезені сындырып үйге кірді. Үйдің іші ашық лаулап жатқан оттан біздің өрт сөндірушіміз 2 қызметкер зардап шекті», – деді қалалық ТЖД ресми өкілі Аягөз Фазылова.
Асқар бірнеше адамды бір ажалдан аман алып қалды. Бірақ өзінің өмірін қатерге тікті. Жалыннан ауыр жарақат алған оның жағдайы ауыр. Денесін 80 пайыз күйік шалған, күйік шогы деген диагноз қойылыпты. Қазір өкпені жасанды желдету аппаратында жатыр.
«Бірінші көпбейінді қалалық ауруханаға 4 науқас түскен болатын. Екеуі - өрт сөндіруші қызметкері. Қазір бір қызметкердің жағдайы ауыр дейді дәрігерлеріміз. Үшінші деңгейдегі күйік алған екен. Реанимацияда жатыр. Екінші қызметкердің жағдайы орташа деңгейде», – деді Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ресми өкілі Раушан Арманқызы.
Қызметтегі ерлігімен елге танылған Асқар – 28 жаста. Оның тез сауығып, қатарға оралуын жұбайы мен екі қызы тілеп отыр.
Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы, Астана