Атырауда Жайық өзенінде екі катер бір-біріне соғылып, 9 адам ауруханаға жеткізілді. Серуендеуге арналған қайықтың бірінде 10 адам, ал екіншісінде 25 адам болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Соқтығысу салдарынан 5 ересек адам зардап шексе, кәмелетке толмаған 4 бала облыстық ауруханаға түскен. Полиция қызметкерлері аталған оқиғаға байланысты сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
– 3 шілде күні сағат 20:05 шамасында Жайық өзенінде қайықтар соқтығысқан. Аталған қайықтар Жайық өзенінде адамдарды серуендету қызметін атқарған. Біреуінде 10 адам, екінші қайықта 25 адам болған. Әр түрлі дене жарақатын алған 9 адам ауруханаға жеткізілген. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодекстің 344-бабы 1-бөлігімен (темiржол, әуе, теңіз немесе өзен көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде, – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.