Тілсіз жауды тоқтатуға 3 техника мен 17 өрт сөндіруші жұмылдырылған
Жамбыл облысына қарасты Қордай ауылында таңғы сағат 5:00-де сауда орталығы өртке оранды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызыл жалыннан 500 шаршы метрлік орталықтың жартысы түгел жанып кеткен. Асхана аумағынан басталған өрт жанында тұрған тұрмыстық тауарлар дүкенін де шарпыпты. Тұрғындардың сөзінше, өрт сөндірушілер оқиға орнына кештетіп жеткен. Соның салдарынан 5 сауда дүңгіршек өртке оранған. Ал құтқарушылар «жалынның жайылғандығы туралы хабарлама жарты сағат кеш түсті» деп отыр. Тілсіз жауды тоқтатуға 3 техника мен 17 өрт сөндіруші жұмылдырылған. Әзірге шығын көлемі белгісіз, есептеу жұмыстары басталды.
– Өрт сағат 6:40-та толық сөндірілген. Өрт сөндіруші бөлімше қызметкерлерінің шұғыл және сауатты әрекетінің арқасында жақын тұрған ғимараттарға өрттің өтуіне жол берілмеген. Өрттің шығуы себебі мен материалдық шығыны анықталуда. Оқиға орнына анықтаушы мен өрт-сынақ зертханасы жолданды, – деді Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма басшысы Алмас Жұматаев.
Оқи отырыңыз: Орман өрті: республиканың барлық аймағында бақылау жұмысы күшейтілді