Қостанай облысында талайды баспанасынан айырып, қорадағы малдарының тірідей жанып кетуіне себеп болған өртті өшіру жұмыстары бесінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Қызыл жалынды ауыздықтау кезінде 11 адам жарақат алған. 6 ауыл тұрғыны мен Ұлттық ұлан, Орман шаруашылығы және Төтенше жағдай мамандары күйік алып, уланыпты. Ал бір ауыл азаматы көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін Бағаналы және Қазанбасы ауылдарында өрт сөндірілді. Төтеншеліктер аумағы шамамен 10 гектар болатын жердің отын өшіріпті. Қазір бірнеше жері түтіндеп жатыр. Төтенше Жағдайлар министрі Юрий Ильин өңірдегі ахуал бірқалыпты дейді. Бірақ қауіп әлі сейілмегенін айтады.
Төтенше Жағдайлар министрі Юрий Ильин таң атысымен өңірді тікұшақпен аралап келіп, тілшілерге сұхбат берді. Ведомство басшысының сөзінше, қызыл жалын 43 мың гектар жерді шарпыған. Күні бойы 4 әуе кемесі өртеніп кету қаупі бар жерлерге су шашып жүрді. Сонымен қатар, өрт сөндіру мамандары да бықсып жатқан жерлерді өшірді. Кеше түнде Бағаналы ауылының маңындағы орман өртенген еді. Құтқарушылар таңға жақын қызыл жалынды әрең сөндіріпті. Қайта, қасындағы үйлерге от тимеген.
«Өрт сөндіру кезінде орман шекарасына мамандар қаз қатар тізіліп қойылды. Ең маңызды 3 жерге бөлініп, жалындаған өртті тоқтаттық. Тілсіз жауды ауыздықтауға ауа-райы да көмектесті. Кеше түнде 10 минут қана жауған жаңбырдың өзі септігін молынан тигізді. Адамдар дін аман. Тек өзімнің киімім мен аяқ киіміме зақым келді», – деді облыстық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық қызметінің бастығы Андрей Ракович.
Жалпы өртті сөндіруге 220-дан астам техника, 7 тікұшақ, 5 өрт сөндіру пойызы, 2 мың 200-ге жуық маман жұмылдырылған. Юрии Ильиннің айтуынша, отты өшіру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Соның арқасында жақын күндері от толығымен өшіріледі деп сендірді министр.
«Қазір Аманқарағай ауылында бірнеше өрт ошақтары тікұшақпен өшіріліп жатыр. Себебі аталған елді мекенде ағаштардың ұшы желдің кесірінен тұтанып кетіп жатыр. Ал ауылдардың арасында орналасқан ормандарда орман шаруашылығы комитетінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Жалпы жағдай бақылауда. 1-2 күнде толық отты өшіреміз деп ойлаймын», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин.
Министрліктің ресми өкілі Талғат Уәлидің сөзінше, 2 қыркүйек күндізгі сағат 15:00 шамасында Қостанай облысында орман өртеніп жатқаны туралы ақпарат түсіпті.
«Алайда сол кездің өзінде 8 өрт ошағы лапылдап жанып жатыпты. Талғат Уәлидің айтуынша, бұл ақпаратты жергілікті әкімдік кеш таратқан. Оның үстіне маман талайды баспанасы мен кәсібінен айырып, қорадағы малдарының тірідей жанып кетуіне себепкер болған өртті табиғи апат деп санамайды.
«Өрттің негізгі себептерін анықтау үшін Қылмыстық Кодекстің бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Онымен ІІМ айналысып жатыр. Жалпы алдын ала болжам бойынша бұл табиғи апат емес, бұл адами фактордан болуы мүмкін деген болжам бар. Өйткені бұл қасақана өрт қою немесе ауылшаруашылық техникаларынан егін жинау барысында техникаларынан бірдеңе ұшып, содан орманға қарай келуі мүмкін», – деді ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли.
Жалпы өрт басталғаннан бері 2 мыңнан астам эвакуацияланды. Әулиекөл ауданындағы мектептерде 66 адам жатыр екен. Баспанасыз қалғандардың көбі туыстарының үйін жағалап кетіпті. Айта кетейін, қызыл жалыннан 91 үй зардап шеккен. Оның 85-і Аманқарағай ауылында болса, қалғаны Озерный ауылында орналасқан.
Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, «Алматы» телеарнасы, Қостанай облысы