3 жастағы егіздерді анасы үйде жалғыз қалдырып кеткен
Қостанай облысында өрттен 2 бүлдіршін көз жұмды. Қайғылы оқиға Ершовка елдімекенінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Төтеншеліктер таратқан ақпарға сай, 3 жастағы егіздерді анасы үйде жалғыз қалдырып, жылытқышты қосып кеткен екен. Көп ұзамай электр сымдарының қысқа тұйықталуынан от шыққан. Екі бала 5 шаршы метр аумақты шарпыған өрттен көміртегі тотығына уланып, қаза тапты.
«Кезекші бөлімге қоңырау сағат 20:58-де келіп түсті. Ас бөлмесінен өрт шыққан. Оқиға орнынан егіздердің денесі табылды. Төтенше жағдай қызметкерлеріне өрт туралы балалардың әкесі хабарлады. Қызыл жалынды сөндіруге 4 маман және бір бірлік техника жұмылдырылды. Сағат 21:32-де отты толығымен сөндірдік», – деді Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Уәлихан Досанов.