Нұр-Сұлтанда ауа райы қолайсыздығынан жол апаты көбейген

24.03.2022 в 23:21

Өткен тәулікте қатты боран салдарынан 123 жол-көлік оқиғасы тіркелді

Нұр-Сұлтанда ауа райының қолайсыздығынан жол-көлік оқиғалары 30 пайызға артқан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өткен тәуліктің өзінде қатты боран салдарынан 123 жол апаты тіркеліпті. Қала маңында автобус пен 11 көлік соқтығысқан. Қаза тапқандар жоқ, ал жарақат алған бір адам ауруханаға жатқызылды. Апатқа жылдамдық режимін сақтамау себеп болған көрінеді. Бұл ретте Полиция департаменті тұрғындарды алыс жолға шықпауға шақырады.

«Қосшы қаласынан Нұр-Сұлтан қаласына бағытталған тасжолда 12 көліктің қатысуымен жол апаты болды. Соның салдарынан 3 адам ауруханаға жеткізіліп дәрігердің қарауынан соң үйге жіберілді. Бір адам ауруханаға жатқызылды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаладағы жол-көлік оқиғасы 30 пайызға артты», - деді Полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.

Төтенше жағдайлар министрлігінің хабарлауынша, өткен тәулікте Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қостанай облыстарында қар құрсауынан 687 адам құтқарылған. Оның 114-і – бала. Ал «Қазгидрометтің» мәліметінше, алдағы күндері еліміздің солтүстігінде қар жауып, боран соқса, оңтүстікте жаңбыр қарға ұласады. Республиканың солтүстігін, шығысын, орталығын тұман басып, көктайғақ болады.  

«Республиканың солтүстік өңірлеріне циклон ығысады. Сол себепті жауын-шашын мен қар жаууы мүмкін. Ал Қазақстанның батыс, оңтүстік-батыс аумақтарында солтүстік-батыс антициклоны әсерін сақтайды. Республиканың оңтүстік батысында қатты жауын-шашын, яғни жаңбыр мен қар жауады», - деді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.