Қайыржан Ахметжановтың бұл жерде тұрып жатқанына 17 жыл болыпты
Нұр-Сұлтан қаласында Қызылкеніш көшесіндегі бірқатар үйдің тұрғындары 21 ғасырда өркениеттен ажырап отырмыз дейді. Олардың айтуынша, электр жарығы жиі сөніп қала береді. Салдарынан қыстың қақаған аязында жылусыз қалып, тіпті қазандықтары жанып кететін жағдайлар жиі орын алады. Ал жазда тоңазытқыштарындағы азық-түліктері бүлінеді. Олардың өкпе-назын тыңдап қайтқан елордалық Almaty.tv тілшісі Салтанат Нысанбек жалғасын.
Қайыржан Ахметжановтың бұл жерде тұрып жатқанына 17 жыл болыпты. Айтуынша, жарық мәселесі Қызылкеніш көшесіндегі басты мәселе. Ал соңғы кездері тіптен жиілеп кеткенін жеткізді.
«Міне, пеш жағамыз, меншікті жер үй ғой. Пеш жағамыз, үйді сумен жылытатын. Жарық сөнеді, пешті сөндіруге келеді. Сөндіреміз. Су шашып, су құйып сөндіреміз. Жарық күнара, екі күнде бір сөнеді. Таңертең 9-10-нан сөнеді кешке дейін күн батқанша жарық болмайды. Қыстың күні қалай күн көреміз?» – деді қала тұрғыны Қайыржан Ахметжанов.
Дәл осындай мәселе Қызылкеніш көшесіндегі 10-ға жуық үйде орын алуда. Александр Кухарик та екі қабатты үйі желдеткіштің көмегімен жылытылатынын айтады. Ал жарық сөнсе, көпке дейін жылусыз қалады.
«Күнде болмаса да, күнара, аптасына тұрақты түрде екі рет. Оның үстіне ұзаққа ажыратады. Жазда жарайды. Ал қыста? Мәселен, менде қазандықта желдеткіш тұр. Жарық сөнсе, бітті дей бер. Үй суып кетеді», – деді қала тұрғыны Александр Кухарик.
«Менің бұл жерде дүкенім бар. Үнемі жарықтан ажыратады. Осы айда күнара болып кетті. Көршілерімде қазандық болса, менде дүкен. Барлық тез бүлінетін өнімдер, ашымал сүт өнімдері мұздатқышта ери бастайды. Ботқа болып, бұзылып жатады. Таңертең 09.00-да өшірсе, кешкі 17.00-18.00-ға дейін бермейді. Барлық шығынды өзім көтеремін. Сұмдық қой!» – деді дүкен иесі Гүлнар Рыспаева.
«Астана - РЭК» акционерлік қоғамы мәселеден хабардар. Алаңдайтындай күрделі ақау жоқ деп отыр. Ал жарықты ажыратудың себептері келесідей болып шықты.
«Шынымен де тамыз айында жарықты ажырату болды. 8, 13, 19 тамызда. 8 тамызда кабельдік жеткізу желісінде ақау болды. Шамамен 4 сағаттың ішінде жөнделді. 13 тамызда Кирова2 подстансасында жоспарлы техникалық қызмет көрсету шаралары жүрді. Ал 19 тамызда 17/27 трансформаторлы подстансасында есептеу құралдарын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондықтан да бұл үйлерді жарықтан ажыратуға тура келді. Жоспарлы ажырату болса, біздің ресми сайтымызда үш күн бұрын ескертіледі. Ал апаттық болса, 109 нөмірі бойынша I-komek қызметінен білуге болады», – деді «Астана - РЭК» АҚ жедел-диспетчерлік қызметтің басшысы Владимир Варшавский.
Маман Көктал ауданында қазір газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізіліп жатқанын еске салды. Жаз уақытында техникалық қызмет көрсету, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетінін де жеткізді. Сондықтан тұрғындарды келтірілетін қиындықтарға түсіністікпен қарауға шақырады.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Ботагөз Есланқызы, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан