Алматыда көпқбатты үйлерінің бірінде ыстық су құбыры жарылды

18.10.2019 23:25

Мұны мамандар қалада жылу құбырларының ауыстырып жатқанымен түсіндірді

Күн суыды. Жылу жоқ! Қаламыздағы бірқатар үйлер жылу маусымына дайын болмай шықты. Себеп құбыр ескі дейді жауапты мекеме. Тұрғындар үйлерінің суықтығына наразылық білдіруде, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Басқа бөлмелерге жүгіріп барып едім, барлығы су, 10 шелек су жинадым. Астыңғы пәтердегі кісілер жүгіріп келді», - деді бір тұрғын.

Күздің алғашқы суығын Алмалы ауданындағы Нұрлы жол көшесінің тұрғындары жылусыз қарсы алды. Оған бірде-бір себеп, құбырлардың тозуы. Өйткені,  жылу берілген күні олар жарылып, пәтерлерді ыстық су басқан. Соның салдарынан жылу тоқтатылып отыр. Қаладағы жылуға жауаптылар, бұл баспаналарды басқаратын жеке пәтер иелері кооперативтері міндеттерін дұрыс атқармаған дейді. Енді соның кесірін тұрғындар тартып отыр.

«Түнде жылуды қосты деп еді. Батареялар зорға жылыды, қонақ бөлмесінде мүлдем жылу жоқ. Қазанның 15-інен бері күн суық. Кеше ғана қосты жылуды. Ешқандай жылу көргеніміз жоқ.  Кондиционерді қосып қоямыз. Басқа ештеме айта алмаймын. Мынау масқара болып тұр. Еденнің тақтайы ажырап жатыр», - деді Ырымжан ҚАСЫМБАЕВА.

«Мына жерден ыстық су қатты атқылады. Біздің сұрақтарымызға нақты жауап бермеді. 5-қабатта құбыр жарылып, қалдық сулары ағып жатыр күте тұрыңыздар деді де қойды. Кештен басталып, таңға дейін су кетті», - дейді Надира ОМАРОВА.

Телеарна журналисттері келді дегенді естіген қызмет көрсетуші компанияның өкілі ізін суытпай оқиға орнына жетті. Оның айтуы бойынша, үй ескі болғандықтан құбырлар жер астымен жүргізіліп, жылыту маусымына алдын-ала шараларды өткізуге мүмкіндік болмады дейді.  

«Алдын ала тексеруге мүмкіндік жоқ. Жылуды қосқан кезде ғана білуге болады. Ал қазір ескі құбырларды ауыстырып, жөндеу жұмыстарына кірісеміз. Барлық керек материалдарды алдық, бүгін кешке дейін бітіріп береміз», - деді «Жансая» қызмет көрсету компаниясының төрайымы Алма ТАЛДЫБАЕВА.

Ал, құбыры жарылып ішінен су кетіп жатқан пәтерлерді өз бақылауымызда ұстаймыз дейді. Егер кеткен қателік қызмет көрсетуші компания тарапынан  болса, материалдық шығынын өтеп беруге дайын екендерін жеткізді.

Дана Насырқызы, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы