Алматы облысында қарақшылық жасаған күдіктілерді бір сағат ішінде ұстады

25.02.2020 14:20

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Ак Жайык

Алматы облысында қарақшылық жасаған күдіктілер бір сағат ішінде ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы облысы Қарасай ауданының тәртіп сақшыларына Қаскелең қаласындағы колледжде білім алатын үш оқушыны тонаған екі ер адамның мекенжайын анықтап, оларды ұстауға небәрі бір сағат қана жетті. Сағат 22-00 шамасында Қарасай ауданының Полиция басқармасына жергілікті колледждерде оқитын үш оқушының ата-анасы хабарласып, білім ордасының аумағында белгісіз екі адам кәмілетке толмаған үш балаға күш қолданып, қымбат үш телефонды алып кеткенін жеткізген.

«Жедел іздестіру шаралары барысында полицейлер қылмысқа қатысы бар екі күдіктіні ұстады. Олар 17 және 19 жастағы Жамбыл облысының тұрғындары болып шықты. Сыртқы бейнебақылау камераларына түскен күдіктілерді зардап шегушілер де жазбай таныды. Олар жасаған қылмыстарын мойындады және сол уақыт аралығында телефондарды Алматы қаласындағы базарлардың бірінде сатып жібергені анықталды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Олардың бұдан өзге қылмыстарға қатысы бары тексерілуде», - деп атап өтті Қарасай ауданы полициясы бастығының орынбасары полиция полковнигі Абай Тынышбаев.