Көшеміздің апай-топайын шығарды. Алатау ауданының тұрғындары жұмысын немкетті атқарған мердігер компания өкілдеріне өкпелі. Жауапсыз мекеменің салдарынан көпшілік 3 күннен бері ауыз сусыз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жұмысшылар кәріз жүйесін орнату барысында су құбырын бүлдіріп кеткен. Атқылаған су көше мен аулаға жайылыпты. Олқылықтың орнын толтыруға ешкім асықпайды деп базынасын жеткізді жұрт.
Құбыр жарылған кездегі сәтті тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп алған. Бұл жайт «Өжет» шағынауданы Рақымжан Тоқатаев көшесінде болған. Тұрғындардың сөзінше, ақауды жөндеуге ешкім асықпаған. Осылайша атқылаған су көше мен аулаға жайылған.
«Қоршау қойып жатқанмын. Жұмысым да тоқтады. Енді білмейміз не істейтінімізді? Келіп жалғап бер десем, анау жаңаға өздерің жалғап алыңдар дейді. Оған қосылу үшін рұқсат керек дейді тағы».
Марс Құрбаниязов – құбырдың жарылуының салдарын ең бірінші көргендердің бірі. Себебі үйі ақау шыққан жерге жақын орналасқан. Мұның барлығына жұмысын немкетті атқарған мердігер компания кінәлі деп отыр. Мекеме кәріз жүйесін орнатып жатып, су құбырын зақымдаған. Соның салдарынан, ондаған отбасы сусыз қалған.
«Менің үйімнің құбырымен қосып жұлып алды. Енді не істейміз? Қайта қосу үшін рұқсат алу керекпіз. Қазір біз өзіміз қосып алсақ, тағы ұрлады дейді. Айыппұл салады. Өздері қосып беріп кету керек негізі заң бойынша. Ал бізге айтады «Сигма қосылып алыңдар, жалғап бермейміз» дейді. Оны жалғау үшін винтиль керек. Винтиль сатып алу үшін оған да ақша керек. Білмейміз не істейтінімізді», - деді Марс ҚҰРБАНИЯЗОВ.
Амалы таусылған тұрғындар көмек сұрап барлық жердің есігін қаққан. Су арнасының өкілдері еліп жағдаймен танысып кеткен, алайда су әлі қосылмаған.
«АлматыСу» мекемесінің өкілдері келіп кетті. Алайда оны жөндеуден бас тартып отыр. Ақауға кім кінәлі. солар жасап берсін!», - деді ашынған тұрғын.
«Міне үшінші күн сусыз отырмыз. Кеше қызыл су басты. Оның барлығын сыртқа шығардық. Шалшық 2 метрге дейін жетті», - деді бір тұрғын.
«Мына жерде су атқылап жатыр. Ал, үйде су жоқ. Жылу пешіміз сусыз жұмыс істемейді. Бірнеше күннен бері жылусыз жаурап отырмыз», - деді тұрғындар мұңын шағып.
Тұрғындардың айтуынша, атқылаған су көшенің апай-топайын шығарған. Ақауды тек бүгін түске қарай ғана жасаған. Мердігер компания техниканы алып келген. Алайда жұмыс істеп жатқан бірде-бір жұмысшы көрінбеді. Анық-қанығын білу үшін басшылығымен байланыстық.
«Біз ол жерде расымен кәріз жүйесін жасап жатырмыз. Оны орнату барысында су желісі жарылып кетті. Біз оны зақымдаған жоқпыз. Ол тозығы жеткен құбыр. Пайдалануға берілгеніне 30 жыл болған. Кеше кеш болып кеткендіктен судың берілуін тоқтаттық. Қазір оқиға орнында апатты бригада бар. «Алматы су» мекемесінен де апатты бригада көмекке келеді. Барлығын кешке дейін ретке келтіреміз», - деді «Сигма» компаниясының директоры Эдуард КИМ.
Бұл жайттан «Алматы су» мекемесі хабардар. Апат орнында акт құрды. Құбырды ауыстырып болған соң, су бірден беріле бастайды деп отыр.
«Апат кеше орын алды. Құрылыс үшін қазылған шұңқыр суға толып қалғандықтан, суды өшіріп тастадық. Аталған учаске зерттелді. Құрылыс компаниясы қажетті материалдарды сатып алды. Барлығын жөндеп, ретке келтіреді», - деді «Алматы су» МКК өкілі Серік ШӘГІРОВ.
Қазіргі таңда Алатау ауданында жаңа желіні орнату бойынша құрылыс қарқынды жүргізілуде. 6 шағын аудан орталық су жүйесіне қосылған. Ал, Тоқатаев көшесінің тұрғындарына су кешке беріледі деп уәде берді.
Перизат Көмекбайқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы