Арбаудың бұл түрі тамыз айында көбейіпті
Алматыдан пәтер іздеген студенттер мен туристер интернет алаяқтардың құрбаны болып жатыр. Бір ғана Алмалы ауданында айлакерлер оқуға, жұмыс істеуге не қалаға демалуға келгендерден 4 миллион теңгені үп еткізген. Арбаудың бұл түрі әсіресе тамыз айында көбейіпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Пәтер жалдаймын деп сан соғып қалғандардың бірі – Тимур. Ол Мәскеуден келмек болған досына ғаламтордан үй іздеп, сайтта көрсетілген нөмірлерге қоңырау шалған. Әлгілер пәтердің мақтауын асырып, «бағасы да келісімді» деп алдын ала 50 мың теңге төлеуді сұраған.
«Жалдау ақысының жартысын алдын ала төлемесеңіз пәтерді басқа адамдарға өткізе саламыз. Алатын адам көп деді. 50 мың теңгесін аударып, айтылған мекен-жайға келсем, үйдің қожайыны шығып, ешқандай жалдамалы пәтер емес екенін айтты. Сөйтіп алдап кетті», – деді зардап шегуші Тимур.
Жұртты бұлай құрыққа түсіру айлакерлер үшін түк емес. Олар бір пәтерді бір күнге жалдап, сол күні-ақ «мына үйді бірнеше айға немесе жылға өткіземін» деп интернетке жүктеп жібереді. Хабарландыруды көрген адам оның ешқандай құжаттарын тексермей, еш сезік тудырмастан бірнеше айға деп ақшасын да төлеп тастайды. Барса пәтер де, байланысқан адамы да жоқ болып шығады.
«Осындай қылмыстар жасалып жатыр. Бізде қазір 17 жәбірленуші бар. Олар 4 млн теңгеге шығын келтірген. Бүгінгі таңда қылмыстық істі сотқа жібердік. Әлі қаралу үстінде», – деді Алмалы ауданының прокуроры Бауыржан Ертаев.
Бұндай жолмен тауар сатып, «байып» жатқандар да бар.
«Кеше ғана 6 адам арызбен келді. Интернетке аяқ киім сатам деп жазып қояды. Сосын ел аяқ киімдер арзан болғаннан кейін ақшасын төлейді. Тауарды жібереміз, 2-3 күнде болады деп жазып жібереді. Сондай да алаяқтар көбею үстінде», – деді Алмалы ауданының прокуроры Бауыржан Ертаев.
Бүгінде ел телефонға келетін түрлі код, сілтеме, ұтыс, спамдар мен қайта-қайта қоңырау шалып, өзін банк не салық қызметкерімін деп таныстыратындардан көз ашпай қалған. Алаяқтардың әккі әдетіне зейнеткерлер көп иланады. Олар тез сөйлеу және қорқыту арқылы адамға ойлануға мұрша бермейді, смартфонды қашықтан басқарып, ақша аударудың сан қилы тәсілін жасайды.
«Банк қызметкерлері ешқашан клиенттерге код жібермейді және олардан құпия ақпаратын сұрамайды. Егер де құпия ақпаратты беріп қойған болса міндетті түрде банкке хабарласып, өзінің мобильді қосымшасын және барлық картасын бұғатқа қоюы керек міндетті түрде», – деді екінші деңгейлі банк қызметкері Салтанат Бибіхан.
Жыл басынан бері шаһарда 7 мыңға жуық интернет алаяқтық тіркеліпті. Соның басым бөлігі Алмалы ауданына тиесілі екен. Мұнда 1700-ге жуық алдап соғу туралы қылмыс анықталса, соның мыңы ғаламтор арқылы жасалған.
Назкен Еркін, Арсен Сандыбаев «Алматы» телеарнасы