Ақтауда тұрғын үй кіреберісіндегі шатырдың опырылып түсуі салдарынан аяғы сынған ер адамға ота жасалды. Оқыс жағдай бүгін 9-шағынаудандағы көппәтерлі тұрғын үйде болған. Жазатайым оқиғадан бір ер адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқыс жағдай бүгін сағат 11:00 шамасында болған. Кіреберістегі шатырдың опырылып түсуі салдарынан 53 жастағы ер адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Төтенше жағдайға куә болған сол үйдің тұрғындары оқиғаның қалай болғанын айтып берді.
– Олар кіреберістегі бетон шатырды бөлшектеп жатты. Қираған кезде үшеуі де үстінде болған. Ер адамның бірі қабырғаға қысылып жығылды. Біз оны бетон қоқыстарының астынан шығаруға тырыстық. Екінші жәбірленушінің екі аяғы сынды. Жедел жәрдем ұзақ уақыт келмеді. Ер адам ауыр тыныстап жатты. Денесінен ашық жарақат көрген жоқпын. Ішкі құрылысы езілген болуы мүмкін. Жедел жәрдем келгенде, бір адам сол жерде қайтыс болды, екіншісі ауруханаға жеткізілді, – деді куәгер Валерия Фурсина.
Облыстық ауруханаға екі адам жеткізілді. Біреуінің жарақаты жеңіл болғаннан кейін үйіне жібірілген. Ал екінші адам ауруханада әлі 10 шақты күндей жатып, ем қабылдайды.
– Травмотолог нейрохирургпен қарап, травмотология бөліміне жатқызылды. Аяғының ашық сынығына операция жасалды. Жағдайы бірқалыпты, орташа, – деді Маңғыстау облыстық ауруханасы қабылдау бөлімінің меңгерушісі Қайрат Нұралиев.
Қалалық тұрғын үй инспекциясының мәліметінше, кіреберісті бөлшектеуді жұмысшылар жоспарға сәйкес жүргізген. Олар – жергілікті Пәтер иелері тұтынушылар кооперативіне қызмет ететін сервистік компания қызметкерлері. Төтеншеліктерден бір техника және 4 қызметкер жұмылдырылған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталуда. Оқиға орнында Төтенше жағдайлар қызметкерлері мен тергеушілер жұмыс істеуде.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтаудан
Оқи отырыңыз: Ақтауда тұрғын үйдің кіреберісіндегі маңдайша құлап, бір адам қайтыс болды