Майқайың кенішіндегі автобус апаты: арнайы комиссия құрылды

24.01.2024 23:31

Кәсіпорынның басшылығы мен 40-тан астам қызметкерінен жауап алынды

Almaty.tv

Майқайың кенішінде болған автобус апатына қатысты қылмыстық істің тергеу барысы прокуратура бақылауында. Бүгінде кәсіпорынның басшылығы мен 40-тан астам қызметкерінен жауап алынды, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Іс бойынша жолдың не себепті қирағанын анықтау үшін еліміздің әр өңірінен тау-кен-құрылыс жұмыстары саласындағы мамандар тартылып, бірқатар сараптамалар тағайындалды. Қажетті құжаттар, бейнебақылау камераларынан жазбалар есепке алынды. Облыстық прокуратураның мәліметінше, тергеу жөніндегі арнайы комиссия құрылған.

– Тау-кен жұмыстарын жүргізу қауіпсіздігі ережелерінің бұзылуын тергеу жөніндегі комиссия құрылды. Іс бойынша процессуалды прокурорлар тағайындалды. Қазба орнынан автобустың бірнеше фрагменттері мен құтқарушылардың жеке жабдықтары жер бетіне көтерілді. Барлық мәселе прокуратураның бақылауында, – деді облыстық Прокуратура басқарма бастығының орынбасары Әділхан Дуабеков.

Еске салайық, осыдан 20 күн бұрын Майқайың кеніші шахтасының маңында төрт жолаушысы бар автобус тазарту кеңістігіне құлап кеткен. Апат кезінде онда төрт адам болған. Дәл сол күні екеуінің денесі табылды. Алдын ала болжам бойынша, құлаған аумақтың тереңдігі – 150 метр. Майқайың шұңқырына құлаған тағы екі адам әлі табылған жоқ. Шыңыраудың табанындағы шағын экскаватордың жұмыс істеуіне жоғарыдан сусыған құм кедергі болып тұр. Оның үстіне, автобус жатқан жердің асты ойық деген болжам бар.