Шу ауданында орналасқан «Жайсан» кенішінде 2 адам қаза тапты. «Қазақмыс» компаниясының қос қызметкеріне тау-кен жұмыстарын жүргізу барысында тау жыныстары құлап, ауыр жарақат салдарынан көз жұмған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қайғылы оқиғаның себеп салдарын тексеру барысын жеке қадағалауға алды. Жазым болған үңгушінің бірі 1981 жылы, екіншісі 2002 жылы туған азаматтар. Ашылғанына ұзақ уақыт болмаған шахтада арнайы тексеріс жұмыстары басталды.
– Кәсіпорын күндіз-түні вахталық әдіспен жұмыс істейді. Жер астындағы шахтада жылына 600 мың тонна мыс-кен шығарады. Қазіргі уақытта кен орнының жұмысы уақытша тоқтатылды, – деді Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Кәлендеров.
Қайтыс болған қызметкерлер – Қарағанды және Ұлытау облыстарының тумасы. Қазір арнайы комиссия жазатайым оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтауда. Оның құрамында бірнеше жауапты және құзырлы органдардың қызметкерлері бар.
Еске сала кетейік, бір апта бұрын «Қазақмыс» компаниясының Жезқазған байыту фабрикасында машинист жұмыс кезінде жазатайым жағдайда қайтыс болған еді.
– Комиссия мүшелері шешім қабылдайды, себеп-салдарын анықтайды. Неліктен қайтыс болды? Азаматтар сол жаққа жол жүріп кетті, – деді Жамбыл облыстық Еңбек инспекциясы басқармасының бөлім басшысы Еркін Ибраимов.
Оқи отырыңыз: Шымкенттік келіншек туған баласын сатпақ болған