Оқиға тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған
Қарағанды облысы Абай ауданы Топар ауылында 35 жастағы тұрғын 61 жастағы зейнеткерге қоқан-лоқы көрсеткен. Оқиға тұрғын үйлердің бірінің кіреберісінде болған, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Куәгерлер түсірген видеода Instagram желісінде жарияланды. Онда ашуға булыққан ер адам қолына пышақ ұстаған. Ол үйдің тұрғындарымен жанжалдасқан. Видео сипаттамасында осы ер адамның бірнеше рет осындай тірлікке барып, бұзақылық жасайды екен.
Осы видео жарияланғаннан кейін полицейлер тексеру жүргізген. Олар видеодағы ер адамның кім екенін анықтап, оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
"Полицейлер оқиғаның мән-жайын анықтау кезінде Топар ауылының 35 жастағы тұрғыны екені анықталды, оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша әкімшілік материал жинастырылды. Әкімшілік сот оны үш тәулікке қамау туралы шешім шығарды. Айта кетейік, ұсталған адам бұрындары әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны және ішкі істер органдарының тіркеуінде тұрғаны белгілі", - делінген Қарағанды облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.