2022 жылдың 4 айының қорытындысы бойынша елімізде 21 мың киберқылмыс тіркелген. Салыстырып қарасақ, 2019 жылдың қорытындысы бойынша 7 мың аталған қылмыс түрі болған. Бұл мәселені ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұрлан Бекназаров көтеріп отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Цифрландыру дамып жатыр деп қуанамыз. Бұл оң үрдіс. Дегенмен оның кері жағы барын да ұмытпаған жөн. Оның зардабын жастар да тартып жатыр. Мысалы, цифрландырудың арқасында қаржы пирамидалары пайда болып жатыр, біреудің атынан несие рәсімдеу, интернет алаяқтық, букмекерлік бәс тігулер, буллинг, кибербуллинг деп кете береді. Соның ішінде киберқылмысқа жеке тоқталсам. Статистикаға сүйенсек, биылғы жылдың 4 айында елімізде 21 мың киберқылмыс тіркелген. Ал 2019 жылдың қорытындысында 7 мың киберқылмыс болған. Сонда биыл 4 айда 2019 жылмен салыстырғанда киберқылмыстың деңгейі 3-4 есеге өсіп отыр»,– деді Нұрлан Бекназаров елордадағы Еуразия ұлттық университетінің жұртшылығымен кездесу барысында.
Оның айтуынша, киберқылмыстың өсуінің негізгі себебі – интернет.
«Киберқылмыспен айналысушы кімдер деген келсек. Олар зейнеткерлер емес, мемлекеттік қызметкерлер емес, депутаттар емес – ол біздің жастар. Осы мәселесі бізді қатты толғандырып отыр. Үкімет жастардың біліммен, жұмыспен қамтуға бірқатар шара атқарып жатыр. Ендігі уақытта жастар жағынан да ұмтылыс болуы керек. Әрине, мен бүкіл жасты қаралаудан аулақпын. Дегенмен жоғарыдағы статистикаға сәйкес, киберқылмысқа баратындардың дені жастар», – дейді ол.