Марқұмның туыстары қайғылы оқиға тіреуіштері шіріп, құлауға шақ тұрған бағанның кесірінен болды дейді
Түркістан облысы Төлеби ауданында 21 жастағы азамат тоққа түсіп қайтыс болды. Марқұмның туыстары қайғылы оқиға тіреуіштері шіріп, құлауға шақ тұрған бағанның кесірінен болды деп отыр. Олардың айтуынша, көше жарық шамының орнатылғанына 50 жылдан астам уақыт өткен. Ал тартылған сымдары ағаш бұталарымен араласып кеткен электр бағандарының мәселесі көптен бері айтылып келе жатқан көрінеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қайғыдан қан жұтқан Тоғызалиевтер отбасы қара жамылды. 6 баланы тәрбиелеп отырған отағасы Керімжан бүгін тұңғыш ұлының құдалық тойын өткізбек еді. Алайда күні кеше екінші перзенті Азамат Тоғызалыны тоқ ұрып, ажал құшты. Дүбірлі той жасаймыз деп отырған жанұя осылайша, ойламаған сәтте ет жақынының жаназасын шығарды.
Тойға қамданған Азамат үй маңындағы бақшадан досы екеуі алма термек болады. Сол сәтте ағашқа жақын барған екеудің қолындағы темір саты байқаусызда тым төмен орналасқан баған сымына тиіп кетеді. Тоқ ұрып құлаған Азаматтың өміріне араша түспек болған туыстары оны үш сағат бойы топырақ астына көміп те көрген.
«Тоқ соққан кезде менің баламды да ұшырып жіберген ғой. Су алып келемін дегенше, кетіп қалған екен. Сонымен айқайлаған дауысты естіп, мына жақта отырғанбыз біз жүгіріп келдік. Балам да қатты шошып қалған. Ерні көгеріп кетіпті. Сонымен сасқанымыздан осы жерге көмдік. Саз тартады дегендей. Енді жоқтау жоқтап отырмыз, бүгін құда күтіп, той береміз дегенде осындай боп жатыр», – дейді Жоғарғы Қасқасу ауылының тұрғыны Жұмағали Есмұрзаев.
Марқұмның әкесі «Жерден небәрі 4 метр биікте орналасқан жоғары кернеулі электр сымын басқа жерге ауыстырыңдар немесе сәл жоғарырақ қойыңдар» деп ауыл мен аудан әкімдігіне талай рет барып, табалдырық тоздырғанын айтады.
«Енді бұдан кейін не істеуге болатынын білмеймін, лажы болса, бағанды құртыңыздар. Құртпайсыздар ма, онда ағашты өзім аралап тастаймын. Қанша жылдан бері айттық, 5-10 жыл көлемінде боп қалды. Келіншегім көпбалалы болып барды, арыз да жазды. Қайда барса да, ешкім құлақ асқан жоқ. Соның салдарынан мынадай қайғыға ұшырап отырмыз», – дейді марқұмның әкесі Керімжан Тоғызалыұлы.
Жоғарғы Қасқасу ауылында жөні түзу электр бағаналары жоқтың қасы. Көбінің қойылғанына 50 жылдан астам уақыт болған. Бағанның ағаш діңгектері шіріп, құлауға шақ тұр. Ал жаңбыр жауған кезде ағаш бұталармен араласып кеткен сымдар тұйықталып, одан жарқылдар пайда болады екен.
«Бұл бағана 1969 жылдан бері тұр. Бұл ағаш әншейін, зорға дегенде тұр. Қысқаша айтқанда, анау электр желлісі ғана ұстап тұр. Егер сым үзілетін болса, білмеймін. Бұл жерден жүз шақты оқушы өтеді. Егер баған құласа, бәрі қырылады ғой. Бұл жоғары вольттты тоқ. Ана жақта демалыс орны бар. Сол жаққа дейін кетеді, мына желілер ешқашан ауыспаған. Шіріп біткен, әншейін, қаңқасы ғана тұр», – дейді ауыл тұрғыны Жарылқасын Мырзахметов.
Ал жергілікті әкімдік оқыс оқиғаға ауыл тұрғындарының өзін кінәлап отыр.
«Бағаналар тұрғындардың қорасына дейін салынған, ал қора кейін салынған. Үйлер де кейін салынған. Бәрін кейін шарбақпен қоршап алған. Одан қалса, легализация жасап, құжаттарын да жасатып алған. Бәрі болмаса да, тұрғындардың біразының кінәсі бар», – деді Қасқасу ауылдық округі әкімінің орынбасары Мейіржан Дүйсебаев.
Бағандар бас ауруына айналған ауыл басшылығы біраз мәселе қаражатқа тіреліп отыр дейді. Оның айтуынша, келер жылы қаржы бөлінсе, ауылға жаңа 30 электр бағаны орнатылмақ.