49 тұрғын 3 мекенжайға орналастырылды
Өрт шыққан нысаннан басқа хостелдерге көшірілген адамдар әзірге жатын-орынға төлемейді. Бұл туралы эвакуацияланғандарға уақытша пана берген жекеменшік жатақхананың директоры айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы әкімдігі апаттан аман қалған 56 тұрғынның 49-ын 3 мекенжай бойынша бөліп орналастырылғанын хабарлаған болатын. Қалған 7 адамның көмектен өз еркімен бас тартқаны айтылды. Қазір құтқарылғандар тегін тамақпен, көрпе-жастық, киім-кешекпен қамтамасыз етіліп жатыр. Қол ұшын созуға әкімдік қызметкерлері мен еріктілер жұмылған.
Үш хостель де Алматының Алмалы ауданында орналасқан. Бүгін таңда көшірілгендердің ішінде студенттерден бөлек, түрлі жұмыс орнының қызметкерлері де болды. Арасында шетел азаматтары да жүр. Анықталғандай, дені өрт шыққан әлгі хостелге 1 ай бұрын ғана орналасқан екен.
– Таңда өрт дабылынан ояндым. Бөлме ішін қою түтін басыпты. Ештеңе көрінбейді. Шығаберісті таппағандар, терезені сындырып, сыртқа ұмтылып жатты. Менің ол жерде тұрғаныма шамамен 1 ай өтті. Негізі Қазақстанға Орта Азия елдерін көру мақсатында саяхаттап келген туриспін, – деді Алжир азаматы Фуад Аодиа.
Эвакуацияланғандардың кейбірі жарақатпен жүр. Оқыс оқиғада құжаты мен 1-2 затын жоғалтқандар да бар. Ес жиғанша, оларға баспанадан бөлек, киім-кешек те қажет.
– Өрт болғанда затқа қарамадым. Адамдарға көмектесу керек болды. Сол құжат, басқа да қажетті қағаз, киім-кешек сонда қалды, – деді хостел тұрғыны Нұрсұлтан Мәкенов.
Қазір әкімдік өкілдері мен еріктілер жұмылып, құтқарылғандар орналасқан хостелдерге азық-түлік пен киім-кешек тасып жатыр. Хостелдердің басшылығы барлығына орын жеткені, қажет болса, қосымша бөлуге дайын екенін хабарлады.
– Бізге 20 адамды әкелді. Барлығына орын жетті. Көрпе-жастықпен қамтамасыз еттік. Жағдайға байланысты көшіп келгендер әзірге ақша төлемеді. Бұл мәселе әкімдікпен келісілді. Өз тарапымыздан қолдан келген көмекті көрсетеміз, – деді хостел директоры Асқар Рахметов.
Оқиғаға байланысты басқа нысандарға ауысқандардың көпшілігі жастар. Оқу орындары білімгерін панасына алса, кейбірін туыстары алып кеткен. Қазір құтқарылғандармен психологтар және арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр.
Оразай Нұртайұлы, Ялкунжан Әшімжан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Хостелдегі өрт: апаттан қаза тапқандардың жеке басы толық анықталды