|
30.01.2023 | 19:20
2423

Сырғанақ теуіп жарақат алғандардың саны көбейді – дәрігер

Олар аяқ-қолы сындырады, не бас-ми жарақатын алады

 Сырғанақ теуіп жарақат алғандардың саны көбейді – дәрігер Almaty.tv.

Оралда 17 жастағы қыз сырғанақ теуіп жүріп темірге соғылып, ауыр жарақатпен ауруханаға түсті. Ал Алматыдағы медицина қызметкерлерінің дерегіне сүйенсек, ауруханаға түсіп жатқан балалардың 80 пайызы жабайы сырғанақта жарақат алған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Алатау ауданындағы бұл жота жұрт қыстыгүні көңіл көтеретін орынға айналғалы біраз жылдың жүзі болды.

«Адам көп болған кезде, бір-біріне соғылып жатады. Балонмен қағып кетеді. Қауіпсіздік жағын қадағаласа, дұрыс болар еді», – деді қала тұрғыны Мұратжан Шыңғысбаев.

Қоршау болмағандықтан сырғанақ жолынан шығып кету қаупі де бар. Ал тәртіпті бақылап жатқан адам жоқ. Кәсіпкерлер де ат-тонын ала қашады.

«Қауіпсіздікке біз жауап бермейміз. Баллон өткізсек те, өткізбесек те адамдар сырғанайды. Жасыратыны жоқ, біз тек күнкөріс қамымен жүрміз. Негізі келгендерге ескерту жасаймыз, кеңес береміз», – деді кәсіпкер Нұрбол Балтамұратов

Анықталғандай, Алатау ауданындағы бұл аумақ мемлекет меншігінде. Әкімдік өкілінің айтуынша, ол жерге тұрғын үйлер салынуы тиіс. Яғни, сырғанаққа арналмаған. Сондықтан олар да қауіпсіздікке жауапты емес екен. Сырғанақ маңында кәсібін жүргізгендерге де рұқсат берілмегіні белгілі болды.

«Қала және облыс тұрғындары қауіпсіздікке өздері жауапты. Көпшіліктің қауіпсіздігіне әкімдік жауап бермейді. Баллон сатып алған кісілерге де бардық. Оларға 505-бапқа сәйкес әкімшілік хаттама толтырылды», – деді Алатау ауданы әкімі аппараты кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы Ертай Әлімов.

«Жабайы сырғанаққа да, ондағы саудаға да әміріміз жүрмейді» деген әкімдік сырғанаққа баратын жолды жауып та амалын қарастырғанын айтады. Алайда одан да еш нәтиже болмаған. Ал дәрігерлер «қаңтардың басынан бері ауруханаға түскендердің дені - сырғанақта жарақат алғандар» дейді.

«Ауруханаға 150-200 бала келіп түссе, солардың ішінде 80 пайызы – сырғанақтан келетін балалар. Олар аяқ-қолын сындырады, не бас-ми жарақатын алады», – деді  Балалар шұғыл медициналық жәрдем орталығының травматолог дәрігері Фаррух Толаметов.

Дәрігерлердің дерегінше, сырғанақ теуіп жарақат алғандардың дені – жасөспірімдер.

Оразай Нұртайұлы, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир