«Алматы-2» теміржол вокзалының үстінен қылмыстық іс қозғалды

Нысанның тастан жасалған қасбеті бір адамның үстіне құлаған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Себебі, нысанның мәрмәр тастан жасалған қасбеті құлап, бір азаматты жазым ете жаздады. Ол травматикалық шок алып, жансақтау бөліміне жеткізілген. Ауыр жарақат алған науқасқа бірнеше ота жасалыпты. Ал оқыс оқиғаға қатысты вокзал әкімшілігі жауап беруден бас тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі..

Жантүршігерлік оқиға осыдан бір апта бұрын орын алған. Куәгерлердің сөзінше, нысанның тастан жасалған қасбеті құлап, азаматтың үстін басып қалған. Үйіндінің астында қалған оған көмек бірден көрсетіліпті. Қазір оқиға орын алған аумақ қызыл лентамен қоршалып тұр. Дегенмен, вокзал әкімшілігі қандай да бір ақпарат беруден мүлде бас тартты.

Бізге белгілісі, «Алматы-2» вокзалы 1939 жылы ашылған. Ал 1977 жылы нысан толық жөндеуден өтіп, қасбеті мәрмәр тастан қашалыпты. Соңғы рет қайта қалпына келтіру жұмыстары  шамамен 25  жылдай бұрын жасалған. Содан бері жолаушылар тасымалымен айналысатын нысан жөндеу көрмей келеді.

Тәртіп сақшылары вокзалдың үстінен қылмыстық іс қозғады. Себебі нысанның жағдайына салғырт қарағандықтан, салдары осындай жағдайға жеткізген.

«Аталған факт ағымдағы жылдың 7 қаңтарында ҚР қылмыстық кодексінің 278- бабы 1-бөлігі, яғни сапасыз салынған құрылыс салдарынан абайсызда адамның денсаулығына ауыр немесе ауырлығы орташа зиян келтіруге әкеп соғуы бойынша «Алматы-1» станциясындағы желілік полиция басқармасының сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай бөліміне тіркелді. Қазіргі уақытта көлік полицейлері осы оқиға бойынша тергеу амалдарын жүргізуде», - дейді ҚР ІІМ көліктегі полиция департаментінің баспасөз хатшысы Ләззат ҚАСЫМЖАНОВА.

Ал үстіне мәрмәр тас құлаған азамат палатаға ауыстырылды. Травматология бөлімінде ем қабылдап жатқан оның жағдайын дәрігерлер ауыр деп бағалап отыр. Науқастың бірнеше жері сынған. Әсіресе, азаматтың басы, жамбасы мен бел омыртқасына қатты зақым келіпті.

«Зардап шеккен азамат жансақтау бөліміне жеткізілді. Оның жағдайын жақсарту және травматикалық шоктан шығару үшін дәрігерлер қолдан келген барлық шараны жасады. Кейін нәтижелерге қарай ота жасалды. Оған медициналық көмек уақытылы және тиісті деңгейде көрсетілді», - дейді қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.

Әзірге азаматтың жасы мен оқиғаның дәл қалай орын алғаны белгісіз. Дегенмен, ісіне жүрдім-бардым қараған вокзал әкімшілігі заң аясында жауап бермек.  

Жадыра Омаржан, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров