Кінәлі тарап анықталып жатыр
Таразда мереке күндері жантүршігерлік жол апаты болды. Кәмелет жасқа толмаған азамат тізгіндеген Toyota көлігі – негізгі жолда келе жатқан LADA автокөлігін соққан. Өкінішке қарай, апаттан бір адам көз жұмды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Әлеуметтік желіде желдей ескен бұл бейнематериал арқылы оқиғаны егжей-тегжейлі көруге болады. Жамбыл даңғылымен келе жатқан LADA Largus көлігіне, жоғарғы жылдамдықпен жүйіткіген Toyota келіп соқтығысады.
«Мен жақын маңда тұрамын, жұмысқа кетіп бара жатқан кезде бір дауыс естідім. Оқиға орнына барып, кейін көрдім. Жантүршігерлік жағдайды айтып жеткізу мүмкін емес», – деді куәгер Айбек Бекхожаев.
Көлік қақтығысының қатты болғаны соншалық, соққы алған автомобиль арықтан ары ытқып, бірнеше рет аударылып, ғимарат қабырғасына барып, бірақ тоқтаған.
«Қабырғаға соғысқан көліктің сау-тамтығы қалған жоқ. Екінші көлік жолдың шетінде тұрды. Арғы жақта полицейлер куәгерлермен әңгімелесті», – деді куәгер Имран Тохтыев.
Полиция департаменті апат салдарынан бірнеше адамның жарақат алғанын айтады. Қазір қажетті зерттеулер тағайындалып, кінәлі тарап анықталып жатыр.
«Биыл 23 наурызда таңғы 7:00 шамасында, Toyota және LADA Largus көлігі арасында қақтығыс орын алды. Жол-көлік апаты салдарынан оқиға орнында бір адам қаза тапты. Аталған дерекке байланысты ҚР ҚК 345-бабы, 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», – деді Жамбыл облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мухтарқұлова.
«Қалалық көпсалалы ауруханаға бірнеше дене жарақатын алған, атап айтқанда кеуде қуысы, белінен жарақат алған 2 азамат келді. Оларға дер кезінде қажетті медициналық көмек көрсетілді. Кезекші дәрігер тексеріп, тұрғылықты жері бойынша емханаға амбулаториялық емделуге жіберілді», – деді қалалық №1 көпсалалы ауруханасының дәрігері Дильшот Салиев.
Ресми статистикаға сенсек, Жамбыл облысында соңғы 2 айда 194 жол-көлік оқиғасы болыпты. Аталған апаттан 23 адам қаза тауып, 315 адам жарақаттанған. Мамандардың айтуынша, апаттың басым бөлігіне жолда жүру ережелерін сақтамау себеп болады.
Жомарт Есқара, «Алматы» телеарнасы, Тараз