ШҚО-дағы түзету мекемесінде ішімдік ішіп рульге отырған 42 адам жазасын өтеп жатыр

01.08.2021 23:40

Ішімдік ішкендерге жаза қатал

egemen.kz

Шығыс Қазақстан облысындағы түзету мекемесінде ішімдік ішіп рульге отырған 42 адам жазасын өтеп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Өңірдегі ОВ-156/16 мекемесінде көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған 42 адам темір торда жазасын өтеуде. Олар алкогольден, есірткіден масаң күйде көлік тізгініне отырып, ҚР ҚК-нің 346-бабы бойынша сотталған.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта қылмыстық істер жүргізіліп жатқан 12 адам ОВ-156/1 мекемесіндегі тергеу изоляторына қамалды.

«Ішімдік ішіп, рульге отырған адам өз өмірін ғана қатерге тікпейді, өзгелерге де қауіп төндіреді. Ішімдік ішпес бұрын, осыны ойлау керек. Бұл қылмыс үшін заң алдында қатаң жаза қарастырылған», – дейді ОВ-156/1 мекемесінің арнайы есеп бөлімінің бастығы, әділет капитаны Ж. Сейтқазинов.