Қарақалпақстандағы тәртіпсіздік кезінде шекарада қалып қойған отандастарымыз толықтай елге оралды. Бұл туралы Өзбекстанның Қазақстандағы елшісі Саидикрам Ниязходжаев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Айтуынша, еліміздің азаматтары 3-5 шілде аралығында өткізу пунктінде болған. Ал Нөкістегі бейберекетте ұсталғандардың арасында қазақстандықтардың бар-жоғына қатысты елші тергеу құпиясына байланысты жауап бере алмайтынын айтты.
«Егер Қазақстан Республикасының азаматтары зардап шексе не қаза болса, ақпарат жария етілетін еді. Бізде бар ақпарат бар, халық жиналған алғашқы күндері тізім жасап, барлығы қауіпсіз жерге көшірілді», – деді Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев.
Саидикрам Ниязходжаевтің сөзінше, Қарақалпақстандағы тәртіпсіздіктер сыртқы күштердің көмегімен ұйымдастырылған. Наразылық білдірушілер Өзбекстанның Конституциялық жүйесін, аумақтық тұтастығы мен бірлігін бұзуға тырысты. Олар конституциялық реформаны сылтау етіп, бетперде киіп, бейбіт тұрғындарды тартқан.
«Бейбіт тұрғындар мен құқық қорғау органдары қызметкерлері арасында құрбандар бар. Елең-алаңда ауруханаларға 243 азамат жүгінді, олардың 149-ына алғашқы көмек көрсетілді және үйде емделуге рұқсат етілді. Медицина мекемесінде барлығы 94 адам жатыр, біразы ауыр халде», – деді Өзбекстанның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев.