Ақтөбеде үй өртеніп бір отбасындағы 2 бала көз жұмды. Қайғылы жайт қаладағы жеке тұрғын үйлердің бірінде болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Қызыл жалын туралы хабарлама 112 құтқару қызметіне таңғы сағат 4:00-де түскен. Оқиға орнына бірден жеткен құтқарушылар есікті бұзып кіріп, шырт ұйқыда жатқан отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге алып шығуға тырысқан. Бірақ құтқару кезінде 10 жасар ұл мен 4 жасар қыздың өлі денесі табылған. Алдын-ала болжам бойынша балалар оттан шыққан ыстан уланып өлген. 40 шаршы метр аумақты алған қызыл жалын ас үй мен кіре берісті шарпып, шатырға дейін жетіпті. Қазір өрттің нақты шығу себебі анықталып жатыр.
«Өрт кезінде тұрғын үйде 5 адам болған. Өрт сағат 04:41-де оқшауланып, 04:49-да толықтай сөндірілді. Оның ішінде атасы мен әжесі, шешесі және 2 баласы болған. Қалған 2 адам ауруханаға жатқызылды. Біреуі жансақтау бөлімінде. Қылмыстық кодекстің 293-бабының 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіледі», – деді Төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Айбат Жаңабергенов.