Таразда жұмысшы оқыс жағдайда табанынан айырылды. Оқиға қаладағы кәсіпорындардың бірінде болған. Қазір жас жігіт ауруханада ем алып жатыр. Ал полиция аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Оқиғаға жас жігіт бетон араластырғышты тазалап жатқан кезде, құрылғының кенеттен іске қосылуы себеп болған. Ал құрылыс машинасын оның әріптесі қосқан. Тосыннан табанынан айырылған жігіт қалалық көпсалалы аурухананың жарақат бөлімінде жатыр.
– Жұмыс орнында болдым. Бетон араластырғыштың ішін тазалап жатқанмын. Біреу сол уақытта оны іске қосқан. Секіріп шығып үлгермедім, – деді зардап шеккен азамат Құрбанәлі Атаходжаев.
Жігіттің туыстарының айтуынша, компания өтемақы төлеуден бас тартуы мүмкін. Алғашында оларға өтемақы төлеп, жігітті кеңсеге орналастырамыз деп уәде еткен. Әзірге оның бірі де жоқ.
– Кінәлі адамдардың тарапы үлкен қысым жасап жатыр. Ауруханада жатқан ағам онсыз да күйзеліп жүр. Ал олар отбасымен келіп жылап-сықтап, кешірім сұрайды. Бауырым өте ақкөңіл адам. Ол оларды кешірген шығар, бірақ мен оның қарындасы ретінде оларды кешіре алмаймын. Өйткені небәрі 24 жастағы ағам енді бір аяқпен ғана өмір сүруге мәжбүр, – деді зардап шеккен азаматтың қарындасы Гузаль Сагаева.
Полицейлер сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Іске еңбек инспекциясы да араласып, тексеру жүргізіп жатыр.
– Жамбыл облысының полиция қызметкерлері аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 2-бөлігінің 156-бабы, яғни еңбекті қорғау ережелерін бұзу бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Қазір қажетті сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы мен себептерін анықтау үшін тергеу жүргізілуде, – деді облыстық ПД тергеу басқармасының басшысы Жәнібек Данков.
Компания жағдайға түсініктеме беруден бас тартты. Қандай да бір мәлімдеме жасамас бұрын олар тергеу мен сот шешімін күтпек.
Жансая Олжабек, Ильдар Гизатуллин, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан
Оқи отырыңыз: Оқушы өлімі: Қызылорда облысындағы оқиғаға сыныптасы күдікті деп танылды