DamuMed дауы бітер емес: Алматыда бірнеше тұрғын жалған ақпарат енгізген дәрігерлерге наразы

25.08.2020 23:46

Іс-жүзінде, шағымданушылар бірде-бір рет көрсетілген емханада болмаған

Almaty.tv

DamuMed орталығының қосымшасында өзінің түрлі дәрігерлердің қабылдауында болғаны туралы жазбаларды көрген қазақстандықтар наразылық танытып жатыр. Қосымшадағы мәліметке сәйкес, олар былтырдан бері белсенді түрде дәрігерлерді аралап, қан тапсырып, тіпті рентгенге түсіпті. Іс-жүзінде, шағымданушылар бірде-бір рет көрсетілген емханада болмаған. Жалған жазба жасау кімге қажет болғанын Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Ольга Цифра DamuMed қосымшасына кездейсоқ кіріп, былтырдан бері отбасылық дәрігер, терапевт, маммологтың қабылдауында болғаны, тіпті рентгенге түскені туралы жазбаларды көріп таң қалған. Қосымшада тіркелген №20 қалалық емханаға оның бүгін алғаш рет аяқ басуы. Ал науқас қабылдауында болды деп тіркеген дәрігерлер қазір жұмыстан шығып кетіпті.

«Мен бұл емханада болған емеспін. Әрине, мен бірден ашуланып, наразылық таныттым. Бұл сұмдық қой! Оларда маммолог дәрігер де, маммография да жоқ. Бірақ менің дәрігер қабылдауында болып, маммографияға түскенім туралы ақпарат тұр. Рентгенге түсу мүмкін болғанына бәрі таңқалуда. Ал осы мәліметтерге сәйкес, мен қабылдауында болған дәрігерлер қазір жұмыстан шығып кетіпті», – деді шағымданушы Ольга Цифра.

Ал аталмыш емханада азаматшаның наразылығына тіркеу бөліміне барыңыз деп тіл қатыпты. Ақ халаттылар болса, түсіру тобын көргені сол, жауаптан жалтарып, теріс бұрылды.

Ольганың қызы Татьяна да дәл осындай келеңсіздікке тап болған. DamuMed қосымшасында оның түрлі дәрігерлердің қабылдауында болғаны туралы жазбалар сақталған. Бірақ өзі онда төбе көрсеткен емеспін дейді. Мәселен, терапевтке барды деп тіркелген күні ол жамбас сүйектері сынып, мүгедектер арбасына таңылып отырған. Азаматшаның одан бөлек жалған тіркелген тағы төрт жазбасы жауапсыз қалды.

«Мен де DamuMed қосымшасына кіріп, дәрігерлер қабылдауында болғаным туралы жазбаны көрдім. Бірақ физикалық тұрғыда олай болуы мүмкін емес. 27 желтоқсанда мен Әл-Фараби даңғылында жол апатына ұшырадым. Қосымшада тіркелгендей, дәл сол уақытта менің терапевтке баруым мүмкін емес. Осыны маған ешкім түсіндірген жоқ», – деді шағымданушы Татьяна Цифра.

№20 емхана бас дәрігері орынбасарының айтуынша, науқастың өзі ауруханаға хабарласып, бірақ жатпаған жағдайда, актив емханаға беріледі. Ал DamuMed қосымшасында терапевт қабылдауында болды деген жазба шығатын көрінеді. Сондай-ақ, науқастардың карталары жабылмай қалғандықтан, электронды жүйеде тіркелген жазба күйінде қалып қалады деп сендірді.

«Екі науқастың бізге хабарласуы бойынша науқастармен сөйлестік, сұрақтарының бәріне жауап берілді. Расында да, кезінде 2019 жылы науқастар шақырылған. Алдын ала тексерілу мен скриннигке шақырылған. Бірақ карталары жабылмағандықтан, олар сол жазба күйінде қалған», – деді №20 қалалық емхана бас дәрігерінің орынбасары Эльнура Абесова.

Айта кету керек, медициналық сақтандыру қорының мәліметіне сәйкес, соңғы жарты жылда жалған қабылдау бойынша, 13 мыңдай жағдай анықталыпты. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, оған қазынаның 75 миллион теңгесі жұмсалған.

Жанар Ғаниқызы Сағынтай Мұңайтбасов, «Алматы» телеарнасы