Өткен жылы 31 мың адамды алдаған қаржы пирамидаларына енді қатаң шара қолданылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алаяқтықтан азаматтар жалпы сомасы 54 млрд теңгеге жапа шегіп отыр. Олар адамды сендіріп, жарнама жасап, өздерін инвестициялық табысты ұйым ретінде көрсетеді. Ішкі істер органдары 65 қылмыстық істің қозғалды, алаяқтарға алданғандардың саны 3 мыңнан асады дейді. Даудың басында өткен жылы 2 млрд теңгеге алданған 160 салымшы тұр. Mudaraban Capital компаниясын жарнамалағандардың қатарында елге танымал блогерлер болып, іс одан бетер ушыққан еді. Сот шешімімен оның екеуіне кепіл түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалса, Әзімжан Саидбаевқа халықаралық іздеу жарияланды. Соңғы қабылданған шешім бойынша Astex.kz, ACD technology және Mudaraban Capital компаниясына қылмыстық іс қозғалып, оның шеңберінде 14 адам күдікті болып отыр.
«Ең алдымен алаяқтар жұмысқа не кездесуге шақырып тауарын сатады. Сізге сыйлыққа техника, ақшалай аударым немесе шетелге сапарға шығуға жолдама беруі мүмкін. Клиент компанияға ақша салғаннан кейін адам жинауға міндеттеледі», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
«Маған компания қайырымдылықпен айналысады деді. 2 адам шақыру керек. Сол 2 адам жақының болса, пайдалы деп сендірді. Бүкіл туысымызды тіркедік. 40 миллион теңге жиналды», – деді зардап шегуші Мадина Ғазизбек.
Бір не екі адам қаржы пирамидасын құрады. Ал 100-ден аса адам құрбанға айналады. Десе де қабылданған шараның нәтижесінде 180-нен астам қаржылық-инвестициялық компанияның қызметі тоқтаған. 138 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, оның 50-і сотталды. ІІМ өзге күдіктілерге сот талқылауы әлі де жүріп жатыр дейді.
«Сауатсыздық салдарынан ақша салсам, қайта шығарып аламын деген сенім болады. Бірақ қарызға батады, жұмысқа шыға алмайды, шоттары бұғатталады. Адамдар сауатты, білімді болуы керек», – деді «Рахым» әлеуметтік үйінің жетекшісі Бибінұр Шерәлиева.
Қазақстан заңнамасында қаржылық пирамиданы құрып, оған басшылық жасауға қатысты арнайы норма 2014 жылдан енгізіле бастады. Қылмыстың деңгейі мен күдіктінің қатысына қарай жаза түрі де ауырлай береді. Бұл тұста заң мен қаржылық сауаттылықтан бұрын ақша оңайлықпен келмейтінін есте сақтаған жөн.