Зәбір көрген 4 жастағы қыздың денсаулығын дәрігерлер орташа деп бағалады

Almaty.tv
Almaty.tv
ҚР ҚК 120-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Есік қаласында 4 жастағы қызды зорлаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Облыстық полиция қызметкерлерінің мәліметінше, күдікті танысының үйіне  қонаққа барған. Ішімдікке сылқия тойып алып, сол үйдің сарайында арам пиғылын іске асырған. Шаңырағымызға шұбар жыланды кіргізіппіз деген шағымданушы тарап қарындасын зорлаған 43 жастағы күдікті танысым дейді. Қызды жылап жатқан жерінен арашалап алған ағасының айтуынша, шыңғырған даусын естіп, сарайға ентелеп жүгіріп келген. Бірақ ол кезде әлгі қаскөй өзінің арам пиғылын іске асырып үлгерген. Зәбір көрген баланың жағдайын дәрігерлер орташа деп бағалады. Бала қатты қорқып қалған.

«Ота бөлмесінде балаға диагностикалық тексеріс жүргізіп, қан тоқаттық. Жыныс мүшесінен қан кеткен. Анасының да, баланың да жағдайы жақсы. Қазір баламен де, анасымен де психолог жұмыс жасап жатыр», – деді Еңбекшіқазақ ауданы көпсалалы аурухана директорының орынбасары Гүлмира Отынбекова.

Дүйім жұртты дүрліктірген оқиғаны жергілікті полиция сол күні бақылауға алып, куәгерлерден жауап алған.

«Кішкентай қызды зорлау фактісі 13 сәуір күні Еңбекшіқазақ ауданында болған. Аса ауыр қылмыс жасаған азамат, Қызылорда ауданының тумасы. Алдын-ала мәлімет бойынша ол қонаққа келіп, қылмыс жасаған кезде мас күйде болған. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.

Ал жәбірленуші тарап, 4 жастағы қызды зорлаған күдіктіге ең ауыр жаза беруін талап етіп отыр. Оның үстіне әлеуметтік желідегі бұл іске қатысты тараған жалған ақпаратқа сенбеуін сұрайды.

Әлібек Шынтемір, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров