СҚО-да фотоға түспек болған қыз биіктігі 30 м жардан құлап кетті

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Абырой болғанда, қыз аман-есен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда фотоға түспек болған бойжеткен жардан құлап кетті. Әлсіреп жатқан оны полицейлер мен құтқарушылар зембілмен жоғары көтеріп шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Заречный кентінің тұрғыны Есіл өзенінің қарама-қарсы жағасында жатқан адамды байқап қалып, бұл туралы «102» арнасына хабарлаған. Ақпарат жақын маңда патрульде жүрген Петропавл қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Ерік Жетібаев пен аға инспектор Төлеген Алдабергеновке берілген. Оқиға орнына келген полицейлерге адам жатқан орынға апаратын жолды арғы жағада жүрген қала тұрғыны айтып отырды. 

«Бірнеше минут ішінде биіктігі 30 метр болатын жардан өзен жағасына түстік. Жағада жатқан адам қыз бала екен. Жардан домалап түскен ол балшыққа малынып, әлсіреп қалыпты. Қатты тоңып қалмас үшін оған сырт киімімізді жауып, орап, жоғарыға көтеруге тырыстық. Алай да жағадағы балшық аяқ аттатпады. Рация арқылы Жедел басқару орталығына жағдайды баяндап, құтқарушылар мен жедел жәрдем жіберуді сұрадық», - дейді Төлеген Алдабергенов. 

Құтқарушылар мен полицейлер оны арнайы зембілге салып, жар үстіне қауіпсіз жерге алып шықты. Бұл кезде медицина қызметкерлері де келіп, қажетті көмек көрсетті. 18 жастағы бойжеткен Жеңіс саябағы ауданында жардан құлап кеткен. Айтуынша, фотоға түспек болыпты. Абырой болғанда, қыз аман-есен.



Новости партнеров