Мәжіліс депутаты Бас прокурорға: «Жайықта қырылған балықтан халық зардап шегуі мүмкін»

13.03.2019 23:48

Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті зерттеулері балықтың аммиактан уланғанын анықтады

Мәжіліс депутаттары Бас прокурордан көмек сұрады. Артур Платонов Қайрат Қожамжаровқа депутаттық сауал жолдап, Жайық өзеніндегі балықтардың қырылу себебін анықтауды өз бақылауына алуын өтінді.

Мәжіліс депутаты су бетіне шыққан бекіре тұқымдас және өзге балықтар жергілікті жұрттың денсаулығына зиян етуі мүмкін деп қорқады. Өйткені, өлекселерді жинап алып, базарға апарып сататын саудагерлер өңірде бар көрінеді.

«Халықтың осы балықтан зиян шекпейтініне ешқандай кепіл жоқ. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитеті зерттеулері балықтың аммиактан уланғанын анықтады. Атырау облыстық өңірлік инспекциясы балықтың жаппай қырылуына байланысты екі қылмыстық іс қозғады. Әлі күнге дейін кәсіпорындарда, иесіз және апатты мұнай кен орындарында тексерулер жүріп жатыр. Дегенмен, ешқандай ресми қорытынды жоқ. Бұған қоса, балықтар жаппай қырылған суды жергілікті халықтың пайдалануы қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ туындайды», - деп алаңдаушылығын білдірді А.ПЛАТОНОВ.

Айта кетейік, Атырауда балықтардың жаппай қырылуы жайлы ақпарат өткен жылдың соңында пайда болды. Ал, наурыз айының басында мұз ери бастағанда шалажансары мен өлгендері су бетіне қалқып шыға бастаған еді.