Екеуі де бір мектеп оқушысы
Нұр-Сұлтанда шомылу маусымы басталмай жатып, екі бала суға кетті. Бұл туралы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәліметке сүйенсек, Есіл өзенінің Бейсеков көшесіндегі көпір маңында 9 жасар екі бүлдіршін суға батып, қайтыс болған. Екеуі де бір мектептің оқушылары. Жалпы бұл аумаққа шомылуға тыйым салынған. Төтеншеліктердің мәлімдеуінше, елордада тек 3 аумақта ғана суға түсуге рұқсат етілген. Осы орайда құтқарушылар балаларға үлкендердің бас-көз болуын сұрайды.
«Бұл учаскеде тиісті белгілер орнатылған. Суға рұқсат етілмейді дейтін және де тиісті стендтер бар. Алайда балалар ата-анасыз қараусыз қалғандықтан өздері суға шомылған. Нәтижесінде судан шықпай қалды. Бұл ақпаратты бізге көшеден өтіп бара жатқан кісі хабарлады», – деді ТЖД Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Ратбек Демеуберген.