Жамбыл облысында екі күнде мас күйде көлік басқарып, адам өміріне қауіп төндірген 20 адам ұсталды. Одан бөлек, 2400-ден астам жол ережесін бұзу дерегі тіркеліпті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ұсталған жүргізушілердің алтауында көлік басқару құқығы жоқ, ал 3-еуі ішімдікке салынған күйі саспастан темір тұлпар тізгіндеген. Жергілікті тәртіп сақшылары барлық істі жекелей тексеріп, тиісті шаралар қабылдады.
«Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Осы баптың санкциясы 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілікті көздейді», - деді Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Бегман Құтмырзаев.