Түркістан облысында ер адам 90-нан асқан әжесі мен анасын соққыға жықты​

16.08.2019 23:58

Күдікті әлі қолға түспеген

Түркістан облысы Сарыағаш ауданындағы Абай ауылында жаға ұстатар жан түршігерлік жағдай орын алды. 90-нан асқан әжесі мен өгей анасын өлімші етіп сабап кеткен факті тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Күдікті әлі қолға түспеген. Әлеуметтік желіде жарияланған әуесқой түсірілімнен байқағанымыздай, қарт ана тіпті аяққа тұра алмайды, әбден соққы алғаны көрініп тұр.

Тамыздың 15-іне қараған түні 1962 жылғы Әбдірахман Шораұлы Каменов есімді азамат түнгі 23.00-ден өте үйдің терезесін сындырып кіріп, екі бірдей әйел адамды кетпен саппен ес-түсінен айырылғанша сабап кеткен. Таңғы 5.00 шамасында есін әрең жиған  өгей ана, қызына хабарласып, мән-жайды айтып үлгеріпті. Жетісайдағы қызы араға екі сағат салып, оқиға орына жетеді. Дереу 103 пультіне хабарласып, зорлық көрген жақындарын дәрігерлердің қолына табыстаған. Ал учаскелік полиция тіпті төбе көрсетпепті. Тек жедел-жәрдем қызметкерлері, оқиғаны тергеушіге жеткізген көрінеді. Бұл мәліметті зардап шеккен кісілердің жақындары растап отыр. Сондай-ақ, олардың айтуынша, күдікті Алматыға қарай бет алуы мүмкін. Ал мұндай кикілжің дүние-мүлікке таластан болуы ықтимал екен.