Әскер қатарынан бүгін тағы бір сарбазды үйіне табытпен аттандырды. Әскери жаттығудан кейін ажал құшқан Алмас Шахимовтың өліміне қатысты тергеп-тексеру жұмыстары басталды. Бұл туралы Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшысының бірінші орынбасары Бекайдар Қазкеев мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Полковниктің сөзінше, 20-ға жетер-жетпес шағында көз жұмған Алмас Шахимовты жерлеуге 250 мың теңгедей жәрдемақы тағайындалмақ.
Далалық жаттығудың екінші күнінде кешкі уақытта дауыл тұрып, сарбаздар шатырға тығыла бастайды. Сол сәтте мерзімді қызметтегі Алмас Шахимов өзгелерді қауіпсіз жерге апарып көмектесіп жүреді. Куәгерлердің айтуынша, дауылдың қатты болғаны соншалық шатырлар ұша бастаған.
«Біз 3 солдат есік маңында темір астында қалдық. Бізге Алмас келіп үшеумізді шығарып, 10 метрдей жерде габьон тұрған, соның ығына тығып басқа солдаттарға кетті. 10-15 минуттан кейін жел басылып, мен Алмасты іздеуге кеттім», – деді 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Ақылбек Аманов
«5-6 метр жерден палатканың қасынан Алмас жатыр екен. Бірақ ол кезде Аманов білмеді. Басқа сарбаз деп ойлады. Айналдырып қараса сол екен», – деді 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мақсұт Бастами.
Осылайша сарбаздар Алмасты ес-түссіз қансырап жерде жатқанын көреді. Содан алғашқы көмек көрсетіліп, Қонаевтағы қалалық ауруханаға жеткізіледі. Кейін дәрігерлер оның көз жұмғанын хабарлайды. Ұлттық ұланның баспасөз қызметінің ресми ақпарына сүйенсек, қатардағы жауынгер Алмас Шахимовтың басына шатырдың темір жақтауы тиген. Аумақты тергеушілер қызыл лентамен қоршап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Айта кетсек, мұндағы әскери жаттығу дүйсенбі басталып, жұма күні аяқталу керек болған.
Оқыс оқиғадан кейін «Заречное» ауылы маңындағы полигонда жаттығу тоқтады. Әскери шенділердің дерегінше, дауыл тұрған күні, Алмастан бөлек, 14 адам түрлі дене жарақатын алған.
«Осы жағдайға байланысты қызметтік тексеріс тағайындалды. Оның қорытындысын заң жүзінде уақыты келгенде хабарлаймыз. Алмас марқұмның қызмет бабында қайтыс болғандықтан үкімет тарапынан көмек болады. Заңға сәйкес әке-шешесіне қаржылай көмек көрсетіледі», – деді ҚР ҰҰ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы Бекайдар Қазкеев.
Алмас Шахимов әскер қатарына 2022 жылдың көктемінде шақыртылған. Ал бүгін «Отан алдындағы борышын өтеймін» деп кеткен бала туыстарына табытпен оралды. Полковниктің айтуынша, 20-ға жетер-жетпес шағында көз жұмған Алмас Шахимовты жерлеуге 250 мың теңгедей жәрдемақы тағайындалмақ. Айта кетсек Алмас үйдегі жалғыз ұл әрі тұңғышы.
Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» телеарнасы