СҚО-да қар құрсауында қалған екі адам іздестіріліп жатыр

24.02.2021 23:42

Өткен тәулік ішінде ТЖД қызметкерлеріне 2600 қоңырау түскен

Almaty.tv

Солтүстік Қазақстандағы қалың қар, ақ түтек боран көлік қозғалысына қатты кесірін тигізіп жатыр. Осыған байланысты облыс жолдарының барлық бағыттары бойынша жеңіл және жүк көлік түрлерінің жүруіне шектеу қойылған. Алайда өткен түнде ескертуді елемей жолға шығып, қар құрсауында қалған адамдар құтқарылды. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.

Өткен тәулік ішінде ТЖД қызметкерлеріне 2600 қоңырау түскен. Нәтижесінде СҚО-да 145 адам қар құрсауынан құтқарылды, олардың 2-уі балалар. 55 бірлік техника эвакуацияланып, 166 адам жылыту пунктілеріне жеткізілген.

«Бүгін таңғы сағат 8:35-те, кешегі күннен бастап қар астында қалған 50 адамы бар 4 микроавтобус эвакуацияланды. Оқиға Аққайың ауданындағы Қиялы ауылынан 5 шақырым жерде орын алды. Техника түні бойы жұмыс істеді. Нәтижесінде барлық адам құтқарылды», – деді Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Марат Қанғожинов.

Одан бөлек бұрқасында адасып кеткен 5 адамның 3-еуі ғана табылған. Олардың хәлі жақсы дейді құтқарушылар. Ал, екі адамды іздеу әлі жалғасып жатыр.

«Қазіргі уақытта Есіл ауданы Могилинское ауылында іздестіру жұмыстары жалғасуда. Сағат 16:00-де 2 жылқышы табынды іздеуге шығып, қайтып оралмаған. Абырой болғанда, олардың телефоны өздерімен болды. Олар бізге байланысқа шықты. Олардың сөзінше, жылқышылар ормандардың бірінде жүр екен. Құтқару жұмыстары жалғасуда», – деді Облыстық ТЖД басшысының орынбасары Марат Қанғожинов.

Қарлы боранның салдарынан 18 ауыл электр жарығынсыз қалды. Уәлиханов ауданында орналасқан 700 абонентке жарықты қайта қосқан. Айта кету керек,

Қазгидрометтің ақпаратына сәйкес, 24 ақпанда облыста қар жауып, кей жерлерде бұрқасын күтілуде. Солтүстік-шығыстан жел секундына 23-28 метр, кей жерлерде екпіні секундына 30 метрге жетеді. Сондықтан төтеншеліктер жолаушылар мен тұрғындарды барынша сақ болуға шақырады.