Полиция департаментіне бұл фактіге қатысты ешкімнен арыз түспепті
Елордада бозбалаға қол көтерген ер адамға қатысты тәртіп сақшылары тексеріс жұмыстарын бастап кетті. Анықталғаны, бүгінге дейін елордалық Полиция департаментіне бұл фактіге қатысты ешкімнен арыз түспепті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бірер күн бұрын әлеуметтік желіге дәп осы жаға ұстатарлық бейне салынған болатын. Одан байқағанымыздай, аулада отырған төрт жасөспірімнің бірін үйден шыққан ер адам ұрып, сабайды. Оқиға кіреберістегі бейнекамераға ілінген. Полицейлер жанжалдың Күйші Дина көшесі, 37-үйдің ауласында болғанын, жұдырықтаса кеткен ер адамның тұлғасын анықтап отыр.
«Сол үй тұрғынының айтуынша, ер адам жастарға «ауланы ластамаңдар» деген ескерту жасаған. Бірақ оның анық-қанығы әлі тексерілетін болады. Бүгінде екінші тарап та, жас жігіттердің де кім екені анықталуда», – деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы София ҚЫЛЫШБЕКОВА.