Наразы топ 2 айға жуық сараптама жүргізген екі компанияның шешімі қисынға келмейді дейді
Жарылыстан зардап шеккен жаңаөзендіктер сараптама қорытындысымен келіспейтінін айтып, әкімдік алдына жиналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар сол үйдің адамын кінәлі деп тапқан екі компанияның шешімі қисынға келмейді деп наразылық білдірді. Жұрт газ тасымалдаушы компанияның салғырттығын тұрғындарға жауып, адам өлімін арқалаудан жалтарғандар жазасын алсын деп талап қойды.
Наразы топ 2 айға жуық сараптама жүргізген екі компанияның шешімі қисынға келмейді дейді. Олар 1-қабаттағы 7 пәтерде газ ашық қалып, жарықты қосқанда жарылыс болды деген қорытындыны жоққа шығарып отыр. Себебі бірнеше адамды ажал құштырған дүмпу жертөледен болғанын дәлелдей алмай жүр. Күдікті деп танылған тұрғынның өзін 46 пайыз күйік шалған екен.
«Үйде менен басқа ешкім тұрмайды. Күніне екі мезгіл тамақтанамын. Газ жабық тұрады. Жарылыс сағат 04:00-де болды. Біздің үйден газ кетті дейді. Ондай болатын болса, бізде неге жарылмады?» – дейді зардап шегуші Баймағамбет Досқарин.
Ал әкімдік өкілдері тергеудің әлі аяқталмағанын алға тартты. Осы уақытқа дейін сараптама жасаған мамандар жер астындағы құбыр ақауын таппады деп отыр.
«Ол кісілердің алдын ала болжамы бойынша газ жертөлеге жиналған. Мұржадағы құбыр арқылы пәтерлерге тараған деген қорытынды бар. Сондай-ақ жарық қосқан кезде жарылыс болған деген болжам бар», – деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Жансейіт Қайнарбаев.
Көпшіліктің көңіліндегі күдікті сейілту үшін Астанадан дербес сараптама орталығы шақыртылды. Төтенше жағдайлар министрлігіне де бұл мәселе бойынша арнайы хат жолданыпты.
Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы