Ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінен бес адамның мәйіті табылған
Түркістан қаласында газдан уланып көз жұмған 5 адамның өлімі бойынша күдікті қолға түсті. Ол газ орнату фирмаларының директоры және жергілікті тұрғын болып шыққан, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бір отбасының 5 бірдей мүшесінің өмірін жалмаған жағдайға байланысты күдіктілердің саны бұдан да көп болуы мүмкін. Оның анық-қанығы тексеріс нәтижесінен кейін белгілі болады. Ал, аталған жағдай бойынша Қылмыстық кодексінің қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтерді көрсету бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
«Қазіргі таңда күдіктілердің бірі анықталып, қамауға алынды. Ол Түркістан қаласының тұрғыны, фирма директоры. Оған қатысты Түркістан облысы ПД тергеушілерімен ҚР ҚК 306 бабы бойныша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде»,– деді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Салтанат Қаракөзова.
Айта кетейік, ақпан айының соңында Түркістан қаласындағы жер үйлердің бірінен бес адамның мәйіті табылған. Олар бір отбасының 4 баласы мен анасы. Төтеншеліктердің алдын-ала болжамы бойынша марқұмдар иіс тиіп қайтыс болған.