Полицейді қорлаған және күш қолданған ер адамдар жауапқа тартылды

16.04.2020 00:07

Алматы қаласы ПД-нің бастығы Қанат Таймерденов мәлімдеме жасады

Фото:beineu.mangystau.gov.kz

Бірі блок-бекеттен заңсыз өтсе, енді бірі қаладағы карантин талаптарын орындамай жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Қала ортасында маскасыз жүрген азамат ескерту жасаған тәртіп сақшысын соққыға жықты. Алматылық пен полицейдің төбелесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Мәселенің мән-жайын тілші тарқатады. 

Медеу ауданындағы Қайырбеков пен Гоголь көшелерінің қиылысында болған алматылық тұрғын мен тәртіп сақшысының төбелескен видеосы әлеуметтік желіде тез таралды.  Қала тұрғыны бір жас шамасындағы кішкентай баласы, әйелі және достарымен үй маңында қыдырып жүреді. Олардың бетперде және қолдарында медициналық қолғаптарының жоқ екенін байқаған тәртіп сақшысы оларға ескерту жасайды. Алайда, соңы төбелеске ұласқан. 

«3 белсенді азамат айқындалды. Бірі полиция қызметіне және билік өкіліне күш көрсеткені үшін, қалған екеуі билік өкілін балағаттағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды.  Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды. Қылмыстық кодекстің 380-бабы бойынша олар 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылу көзделіп отыр», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.

Қалалық Полиция департаментінің басшысы тұрғындарды төтенше жағдай тәртібін қатаң сақтауға, індеттің алдын алу мақсатында сақтық шараларын бұзбауға шақырады. Індеттің таралуын шектеу үшін жергілікті билік тарапынан қабылданып жатқан сақтық шараларға бағыну керектігін айтады. Баршаға бекітілген ортақ талаптарды бұзудың арты қатаң жаза екенін тағы ескертті. 

«Карантин ережелерін мемлекет қызметкерлері бекіткен талапты бұзбауды, қатаң сақтауды азаматтардан сұраймын. Ондай жағдайлардың барлығы қатаң түрде бақылауға алынады. Әр азамат өзінің жауапкершілігін түсінуі керек», – деді

Полиция департаментінің басшысы Қанат ТАЙМЕРДЕНОВ.

Бұдан бөлек, қалалық полиция департаментінің мәліметінше, төтенше жағдай жарияланғаннан бері өзге де қылмыстық істер азайған. Сондай-ақ, жол көлік апатының да саны төмендепті.