Апат салдарына кім жауапты: далада қалған тұрғындар пәтер жалдауға мәжбүр

 Almaty.tv
Almaty.tv
Апаттан зардап шеккен қос азамат ауруханадан шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Табиғи газ жарылып, тұрғын үйсіз қалған отбасы жағдайға жауаптылар неге үн-түнсіз деп наразы, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Таңғы сағат 8:00-дегі апат елдің есін алған. Көпшілік көрші үйдің керегесі құлағанын көргенде ғана жағдайдың жайын ұққан. Ал үй ішінде жасы алпыстан асқан екі азамат болыпты.

– Лицензиясы бар компания экспертиза жасады. Олар үйдің 60-80 пайыз авариялық жағдайда екенін, қалпына келтіруге жарамайтынын айтып, құжат берді. Бір ағамның қолы 50, екіншісінікі 60 пайыз күйік шалған. Олар енді ештеңе істей алмайды, – деді Қайназар ауылының тұрғыны Римма Абылғазина

Іштегі екі адамның бірінің мүгедектігі бар. Оған апаттан алған күйігі қосылды. «Екеуі де шаруасын дөңгелетіп отырған пысық азаматтар» деген көршілері дәл сол күні газдың қысымы көп болғанын айтты. Мұндай жағдай бірнеше үйде байқалған. Бірақ жауапты компания тарапынан ешқандай ескерту болмаған.

– Үй жарылған күні газ қысымы жоғары болды. Бәрін өшіріп тастадым, – деді Қайназар ауылының тұрғыны Қонысбай Нұрмағанбетов.

– Қабырға пеші газдың жоғарғы қысымынан өшіп қалған. Қоспадық, сол күй жатып қалдық. Жарылыс соншалық күшті болды, тіпті жатын бөлмедегі төсекті орнынан көтеріп, лақтырып жіберді, – деді Қайназар ауылының тұрғыны Гүлмира Метерова.

Апаттан зардап шеккен қос азамат ауруханадан шығып, қазір жақын маңнан шағын пәтер жалдаған. Ал ағайындылардың үлкені әрі үйдің иесі жауапты мекеменің бір жарым ай бұрын келіп, жағдайды көріп кеткенін жоққа шығармайды. Көмек көрсетілетіні де айтылған, бірақ нақты әрекет болмаған. 

– Екінші бауырым «төсекте жатқанмын, от қабырғаға жетіп, тарс етіп атылғанда тұрып үлгермедім, құлап түстім» дейді. Сол кезде бәрі жана бастаған. Үйдің шығынын өтеп берсін. Екі бауырыммен қыста қайда барамын? – дейді үйдің иесі Гүлфара Абылғазина.

Газ компаниясы «ешқандай қысым болған жоқ» дегенді алға тартты. Олардың айтуынша, апатқа азаматтардың қауіпсіздік ережесін сақтамауы себеп болуы мүмкін. Аталған фактінің анығы сараптамадан соң белгілі болады.

– Ол кісілерден ешқандай шағым түсіпеді. 104 тәулік бойы жұмыс істейді.  Тұрғындар шағымданса, мамандар тексеруге барар еді. Біз барып сөйлестік, бауырларының жағдайын сұрадық. Олар мына үйді сатып алуды ұсынды. Біз 10 миллион теңге көмек берейік дедік, – деді газ компаниясының директоры Қазыбек Ғабиден. 

Жәбірленуші тарап шығынның толық есептелуін талап еттіп отыр. Бүгін түсірілім тобымен бірге барған компания өкілдері материалдық-моральдық шығын өтелетінін жеткізді.

Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында газға толы цистерна жанды

Новости партнеров