Ипподром айналысындағы дау Шымкентке Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр келіп кеткеннен кейін басталған
Шымкенттік шенеуніктер ипподромның орнына көп қабатты үйлер салуды жоспарлап отыр. Алайда тұрғындар бұған қарсы. Әлеуметтік желілерде сыни пікірлерді жаудыртқандар, билікке петиция жолдамақ. Ипподром тұрған жерге көз сүзетіндей Шымкентте жер тапшы ма? Ол үйлерді кім салмақ? Жауаптар өңірдегі Almaty.tv тілшісінің бейнебаянында.
Ипподром айналысындағы дау Шымкентке Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр келіп кеткеннен кейін басталды. Сол кезде қала әкімі Мұрат Әйтенов спорттық нысанның орнына тұрғын үйлер салынатынын, ал ипподромның қала шетіне шығарылатынын мәлімдеп еді.
Тұрғындардың жаппай наразылығынан кейін орынбасарын бас қылып сала басшылары мен депутаттарды мән жайды түсіндіруге жіберді. Олар болса, қала әкімі ол кезде нақты қабылданған шешім емес, жоспар туралы айтқан еді деп ақталды. Ал негізінде, бұл қоғам талқысына түсіп, көпшіліктен қолдау тапса ғана болады екен.
«Мынау ұсыныс болғаннан кейін, оның есебі шығарылады. Сонан кейін сол ұсыныс бойынша нақты егжей-тегжейлі жоба жасалғаннан кейін оның есебіменен халықтың алдына шығарамыз. «Мынандай есеп болды, мынандай үй салынады екен. Мынандай тиімді, мынандай тиімсіз» деген. Сол жерде болады-болмайды, соны қарауға болады», – деді қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Архабаев.
Ал халық қалаулылары ипподром тым ескі болғандықтан, спортшылардың жаттығуына қолайсыз екенін алға тартады. Жаңа жерге көшірсе, барлық жағдайы жасалып қалады деп үміттенеді екен.
«Үлкен тоғыз жолдың торабында. 47 га сол жерден бөлінген. Біз сол жерде болса қуанып едік. Егер сол жерде ипподром соғып беретін болса, ол жерде үлкен бәйгелі жарыстар болатын», – деді Гани Ахметбаев қалалық мәслихат депутаты, ипподром директоры
Айта кетерлігі, билік өкілдері ипподром орнына үй салу, я салмау мәселесі бойынша қоғамдық тыңдау болады деп сендірді. Бірақ қашан болатынын нақты айта алмады.
Ботагөз Әбдіжәлел, «Алматы» арнасы