Жаңа үйге көшуге қорқамыз: Ақтауда салынып жатқан түрғын үйдің едені опырылып түсті

07.09.2023 00:14

Ақтауда заңсыз салынған 28 тұрғын үй бар

Almaty.tv

«Жаңа үйге көшуге қорқып отырмыз». Ақтауда едені опырылып түскен тұрғын үй кешенінің құрылысына қаржы құйған салымшылар баспанада тұрудан бас тартып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған мына бейнежазба баспана құрылысына ақша құйған салымшылардың мазасын қашырды. «Самал» тұрғын үй кешенінен пәтерін күтіп жүргендер көшіп келуге қорқып отыр.

– Тұрғын үйден пәтер алдық, енді көшуге қорқып отырмыз. Ақшасын толық төледік. Үйді жөндеп салсын немесе ақшаны қайтарып беруін талап етеміз, – деді қала тұрғыны Аманбибі Сахиева

Бұл үй 135 пәтерлік, 5 кіреберісі бар. Құрылысы 70 пайызға біткен.

– Кранмен монтаж жұмыс кезінде салмақ түсіп, плитканың үстіне құлады. Құрылыстың сапасына әсер етпейді. Сынған плиталардың орнына жаңасы құйылады, – деді құрылыс учаскесінің басшысы Ғабит Оңбаев.

Бір плитаның салмағы 2,5-3 тонна екенін ескерсек, адамға қандай қауіп төнетіні онсыз да түсінікті. Оқиға орнына әкімдіктен арнайы барған мамандар нысанға кешенді тексеріс жүргізуді бастады.

– Кешенді тексеру жүргіземіз. Құрылысты салу кезіндегі процесс пе, әлде материалдар сапасыз ба, анықтаймыз, – деді Маңғыстау облыстық Сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Дәурен Өтепқали.

Қазір Ақтауда заңсыз салынған 28 тұрғын үй бар. Жергілікті билік оларды сүру үшін сотқа жүгінген.

Жазира Қуанышбекқызы, Мұқағали Нұрдәулет, «Алматы» телеарнасы, Ақтау