Жалған хабарлама таратқандар жазасыз қалмайды – полиция

19.03.2020 00:17

Тәртіп сақшылары қалаға кіретін жолдарды жаптық, бекеттерді орнаттық дейді

kp.kz

Нұр-Сұлтан қаласында да карантиндік режимнің енгізілуіне құзырлы органдар тастүйін дайын, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тәртіп сақшылары қалаға кіретін жолдарды жаптық, бекеттерді орнаттық дейді.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті де ерекше жұмыс режиміне ауыстырылды. Орталық коммуникациялар қызметінде Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов карантин режиіміндегі тәртіп туралы қысқа қайырды. Егер кімде-кім сол талапты орындамаса жауапкершілікке тартылады деді ол. Көліктердің кіріп-шығуына шектеу қойылды. Қала қақпаларының барлығы жабылып, алты қадағалайтын бекет қойылды. Бұл бекеттер елорданың маңындағы Жібек жолы, Қосшы, Қараөткел, Талапкер және Қоянды ауылдарының маңында орналасқан. Сонымен қатар, карантиннен қашқан азаматтарға да жаза қолданылатыны айтылды брифингте.

«Мүделі мемлекеттік органдармен бірге медициналық тексеруден, емделуден, тексеруден, карантин режимін сақталуын бұзып жүрген азаматтарды бақылауға алып, олар бұзған кезде жауапқа тартылатынын ескерткім келеді. Басты мақсат – қала ішінде карантин режимін қатаң сақтау, қаланың сыртқы периметріне бақылау енгізу арқылы инфекцияны таратуды тоқтату», – деді қалалық Полиция департаментінің басшысы   Ержан СӘДЕНОВ.

Қазір жалған хабарламалар желілерде желдей есіп жүр. Оның авторлары да жазасыз қалмайды деді Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің басшысы Ержан Сәденов. Азаматтардың қауіпсіздігі үшін қабылданып жатқан шараларға түсіністікпен қарауға шақырды.