Тағы 12 жатақхана салынады: әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры журналистермен кездесті

пресс-служба КазНУ им. аль-Фараби
пресс-служба КазНУ им. аль-Фараби
Жансейіт Түймебаев БАҚ өкілдеріне университеттің соңғы жарты жылдықтағы өзгерісін таныстырды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«2,5 мыңнан астам қызметкер тұрғын үйге мұқтаж». Бұл тек әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі мамандардың саны ғана, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.    

«Кезекте тұрған қызметкерлерге болашақта арнайы жатақхана салынады», - дейді оқу орнының ректоры.

Айта кету керек, ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне университеттің соңғы жарты жылдықтағы өзгерісін таныстырды.  

90 жылға жуық тарихы бар Ұлттық университет жаңа қалыпқа еніп жатыр. Бұл оның ғылыми тұрғыда да, келбет-көркеюі турасында да жетілуге бет бұрғанын көрсетеді. Карантин кезінде мұндағы бірқатар факультеттерде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жатақханалар жаңаланған. Әлемдік аренада жоғары оқу орнының беделі өсуімен қатар, «оқимын» деген үміткерлердің де қатары көбейгендіктен, жатақхана тапшылығы үнемі өзекті мәселе болып қалып отыр. Сондықтан 2022 жылдан бастап 9 қабатты 12 студенттер үйінің құрылысы басталады. Университет басшылығы солай деді. Ал қоғамда қызу талқыға ұшыраған қалашық аумағындағы жер мәселесіне оқу орнының ректоры түсініктеме берді.

«Қосалқы электр станциясын басқа жерге көшіріп, сол жерге ғимарат салсақ деген жоспар бар. Айналасын абаттандырып, саябақ жасасақ дейміз», – деді әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

Жартыжылдықта жаңарған жатақханаға, факультеттер мен көгалдандырылған аумаққа арнайы барған ректор «Аталған жұмыстар әлі де жалғаса береді» дейді.

Айта кету керек, құрылыстан бөлек, қызметкерлердің жалақысына да өзгерту енген. Бұрын мұндағы ең төменгі санаттағы оқытушының айлығы 174 мың теңгені құраса, қазір бұл көрсеткіш 256 мыңға дейін өскен. Ал ең жоғары жалақы – профессорлық құрамда. «Бұған дейін 228 мың теңге еңбекақы алған мамандар ендігіде 500 мың теңгеге дейін айлық алады» дейді университет басшылығы.

«Университеттің жалпы халықаралық рейтингтегі орны 175-орында тұр. Қазіргі таңда ТМД арасында ҚазҰУ Мәскеу мемлекеттік университетімен бірге осы 200 үздік оқу орнының қатарында», – деді Жансейіт Түймебаев.

Қазақ ұлттық университеті – Орта Азия мемлекеттерінің ішінде бес жұлдыз иеленген жалғыз жоғары оқу орны. Ал оның жалпы әлемдік рейтингтегі беделі артуы үшін әлі де қажырлы еңбек керек. Бұл – тек жаңару мен жатақхана тұрғызу емес, ғылыми әлеуетті арттыру, түлектерге тұрақты жұмыс табу.

Мадина Оқас, Жасұлан Өмірзақов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров