Екі баланың қара суықта көшеде жеңіл киіммен жүргені түсірілген видео әлеуметтік желіде тарады
Нұр-Сұлтандағы балабақшалардың бірінде жаға ұстатар жағдай болды. Бөбекжайдан қашып шыққан екі бүлдіршіннің қара суықта көшеде жеңіл киіммен жүрген видеосы әлеуметтік желіде желдей есті. Бүлдіршіндерді көріп қалған ер адам оларды есігі ашық тұрған балабақшаға кіргізген. Ал тұрғындар тәрбиешіге балақайлардың шлагбаумға жетіп қалғанын айтып шағымданған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бейнежазба авторының сөзінше, балалар тұрғын үй кешенінде орналасқан балабақшадан қашып кеткен. Ер адам екі бүлдіршінді байқап қалып, 50 метр жерден жетектеп келген. Өзінің 2 немересі де осы балабақшаға баратын көрінеді. «Айына әр балаға 130 мың теңге төлейміз, бірақ жауапкершіліктен жұрдай екен» деп налып отыр.
«Біреуін қолыма көтеріп, екіншісін жетектеп алдым, шлагбаумнан 10 метр жүргеннен кейін охраникке айқайладым. «Кел мынаны суретке түсір, қазір өліп қалмасын» деп. Біреуі тоңғаннан дірілдеп тұр. Содан соң ішке кіріп, балабақша қызметкерлеріне жағдайды айттым. «Мына бала өліп қалса қайтесіңдер? Бұлар жұрттың аманаты ғой. Адам мал жоғалса да іздейді ғой. Сендер ең болмаса, балаларды санасаңдаршы. Мың бала емес қой. Айналдырған қырық адам шығар. Жауапкершілік қайда?» деп әбден ұрыстым», – дейді қала тұрғыны Абай Исаев.
Тілшілер балабақшаға барғанда, ондағы қызметкерлермен тілдесу былай тұрсын, тіпті, ішке кіру мүмкін болмады. Журналистерді терезеден көрсе де, сыртқа шықпады. Дегенмен, телефон тұтқасын көтеріп, қысқаша жауап берді.
«Кеше жиналыста ата-аналар ешкімді кіргізбеңіздер деп өтініш жасады. Сондықтан мен сіздерді қазір кіргізе алмаймын. Өзім шығып, сұрақтарыңызға жауап бере алмаймын», – деді телефон арқылы балабақша қызметкері.
«Бұл балабақшаның біз білмейтін тағы бір мәселесі бар» дейді тұрғындар. Ашылғанына 2 жыл болса да, осы уақытқа дейін балақайларды ойнататын ауласы жоқ екен.
«Балаларды серуенге алып шығатын. Ал бұл ауланың территориясы – мына тұрған ойын алаңы. Балаларды тек осы жерге алып шығатын. 5-6 тәрбиешісі бар. Балалар өзімен-өзі арлы-берлі жүгіреді. Түскі сағат 12-ге дейін шығарады да, қайта кіргізеді. Ал бұл ауланың балаларының өздерінің ойнайтын жері жоқ дегеннен кейін, олар өзіне жолдың бойынан территория алды», – дейді қала тұрғыны Қуандық Жәнібекұлы.
Ал Полиция департаментінің өкілдері екі баланың ата-анасы арыз жазғанын айтты.
«Тексеру барысында ювеналды полиция қызметкерлері орталықтың тәрбиешілерімен осындай немқұрайлықтың алдын алу мақсатында профилактикалық әңгіме жүргізді. Полицияға заңды өкілден шара қолдану туралы арыз келіп түсті. Полиция қызметкерлері жауапты адамдарға шара қолдану үшін Нұр-Сұлтан қаласының Білім саласында сапаны қамтамыз ету департаментіне ұсыным жіберді», – деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Эльмира Шәуленова.
Балабақша директорының сайттарға берген ақпараты бойынша, 4 қазанда жарық сөніп, барлық жүйе істемей қалған. Артынша, домофон мен өрт сөндіру жүйесі де істен шыққан. Ал ата-аналардың бірі баласын қызметтік есік жақтан шығып алып кеткендіктен, есік ашық қалған.
Нұр-Сұлтан қалалық білім басқармасы бұл балабақша мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік тапсырыс қабылдамайтынын, коммерциялық негізде жұмыс істейтінін хабарлайды. Ал балабақша өз кінәсін толық мойындап отыр. Енді кінәлілер өз жазасын алмақ.
Қаламқас Нысанбай, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан